Қарттарым – асыл қазынам

Осындай тақырыппен Қарсақбай кентіндегі Мәдениет үйінде айшықты шара өтті. Халықаралық Қарттар күніне орайластырған бұл іс-шараға кент әкімдігі мұрындық болды. Мерекелік кешке ауыл ақсақалдары мен аналар, еңбек ардагерлері, қоғам өміріне үлес қосып жүрген қазыналы қарттар арнайы шақырылды.

Кештің алғашқы құттықтау сөзі кент әкімі Асылхан Мырзамсейітұлына берілді.
– Қымбатты ардақты қарттар! Сіздер – елдің шежіресі, өмірлік тәжірибесі мен даналық мектебісіздер. Халқымыздың бүгінгі жеткен жетістігі, жас ұрпақтың тәрбиесі – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Аға буынның ақыл-кеңесі мен өнегесі біз үшін әрқашан қымбат. Баршаңызды Қарттар күні мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді кент әкімі өз құттықтауында.
Сонымен бірге, кентіміздің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбай Өсмағанбетұлы, КМЗ бастауыш ұйымы ардагерлер кеңесінің төрайымы Қадиша Мұханбетжанқызы және ауылдың қадірлі ақсақалдары мен аналары мерекелік шарада ақжарма тілектерін білдірді.
Кеш барысында әуелеген ән мен күмбірлеген күй қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән салған Айткүл Ибраеваның «Ризамын», «Жақсы адамдар» әндері, Сандуғаш Дүтпаеваның «Ағаларым» әні мен Ақтөре Қайраттың орындауындағы «Менің ағам» әндері көпшілік ықыласына бөленді. Ал жас өнерпаз Ақтөре күйшілік өнерін де паш етіп, «Әке толғауын» орындады.
Жүргізушілер қарттардың ел ішіндегі орнын, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін айшықтайтын өлең-жыр жолдарын оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Шара соңында ақсақалдар бата беріп, елдің ынтымақ-бірлігі мен амандығын тіледі. Мерекелік кеш ардагерлерге деген құрметтің айғағы болып, қарттар қауымының қуанышына айналды.

Ақжан МҮГІР.
Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.

Қарсақбай кенті.