Ұлттық ауыл шаруашылық санағының негізгі кезеңі басталды

Елімізде 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында ұлттық ауыл шаруашылық санағы жүріп жатыр. Бұл ауқымды науқан екі кезеңде өтуі жоспарланған. Алғашқысы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қыркүйегі аралығында онлайн форматта жүргізілсе, екінші кезеңі 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазан аралығында офлайн форматта жалғасуда. Бұл науқан еліміздің аграрлық секторының болашағына сөзсіз әсер етеді.

Ұлытау облысында ұлттық ауыл шаруашылық санағы белсенді жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер — шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және қосалқы шаруашылықпен айналысатын үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн сауалнамалардан өтті. Облысымызда арнайы жасақталған өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарының көмегімен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың жалпы санынан 95%-дан жоғары онлайн санақтан өтті.
Бүгінгі таңда, екінші кезең арнайы дайындықтан өткен санақ қызметкерлерінің (интервьюерлер) көмегімен офлайн форматта жалғасын табуда. Жеке шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері (бақша, көкөніс учаскелері) және ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтарымен (іріктелген) жеке әңгімелесу әдісімен және планшеттерді қолданумен жүргізілуде. Маңыздысы тұрғындар берген ақпараттар құпия сақталады, таратылмайды. Сауалнамаға шынайы әрі дәйекті жауап беру – әр тұрғынның азаматтық борышы.
Интервьюерлерді арнайы көгілдір түсті формасынан және бейджигі бар қызметтік куәлігінен оңай тануға болады. Бейджигінде орналасқан QR код арқылы қызметкерді анықтау мүмкіндігі бар.

Әйгерім ИСАТАЕВА,
ҚР Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігі Ұлттық
статистика бюросының Ұлытау
облысы бойынша департаменті
Өндіріс және қоршаған орта
статистика бөлімінің басшысы.