Жарқын бейне – жаңа жинақта

Жуырда Арқаның атақты шопаны, Социалистік Еңбек Ері Мыңбай БЕРДЕНОВТІҢ туғанына 90 жыл толуына орай жарық көрген жинақ оқырман қолына тиді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, омырауына үш мәрте Ленин орденін және Октябрь революциясы орденін таққан, басқа да көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері атанған тұлғаның өнегелі өмір жолы туралы сыр шертетін кітап мұқабасының безендірілуі, ішкі мазмұны мен сапасы жоғары талғам талабына сай келеді.

Толымды дүниеде еңбек майданының батыры туралы көзкөргендердің естеліктері мен журналистер қаламынан туған мақалалар топтастырылған. Бұл жазбалардың әрқайсысында кітап кейіпкерінің жарқын бейнесі жанжақты сомдалып, ғибратты ғұмыры мен мал шаруашылығын дамытудағы ересен жетістері әсерлі әңгімеленеді. Солардың астарынан фәниден бақиға ертерек озып кеткен тұлғаның азаматтық келбеті мен адами бітім-болмысы да айқын аңғарылады.

Жүрекжарды жазбалар авторларының қатарында Ұлытау ауданының алғашқы әкімі, ҚР Мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Серік Тілеубаев, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мағзұмбек Машайықұлы, еңбек ардагері Өміртай Қасымұлы, еңбек ардагері, ғалым-зоотехник Әлімсейіт Әбілдаұлы, мемлекеттік қызмет ардагері Жақыпбек Дайыров, қаржы саласының ардагері, жазушы-ақын Мұқанбетжан Әбілұлы және Мыңбай ағаның басқа да тұстастары мен ізбасарлары бар.

Жаңа жинақтың жүгін көтеріп тұрған туындының бірі – белгілі ақын Сайлаухан Нәкеновтің «Ұлытаудың ұлы» поэмасы. Сонымен қатар, кітапта кейіпкердің өрнегі айшықты өмір жолынан кең сипатты деректер ұсынатын фотосуреттерге де молынан орын берілген.

Еңбек Ерінің есімін ел жадында жаңғырту мен жас буынды еңбекқорлыққа баулу ісіне тигізер әсері зор тың туындының түйін сөзін жазған – осы шаруаның қолға алынып, орнықты орындалуына тікелей мұрындық болушы, кітап кейіпкерінің інісі Жүрсін Бердинов.

Жұртшылықтың жағымды пікірін қалыптастырған жинақ Елордадағы «Кәусар» баспасында басылған.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ