Ұлт руханиятының шамшырағы

Күні кеше қарт Торғайдың кең даласында дүбірлі думан үстемдік құрды. Оның себебі, қазақтың арысы, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ұлт руханиятының шамшырағы Міржақып ДУЛАТҰЛЫНЫҢ туғанына 140 жыл толуына арналған тағылымды іс-шаралар өтті. Бұл мерейтой – тек бір тұлғаның өмір жолын еске алу ғана емес, тұтас халықтың тарихи жадын жаңғыртуға, ұлттық рухты асқақтатуға бағытталған үлкен қадам болды.

Алаш арысының тойына Ұлытау өңірінен де арнайы делегация қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров бастаған топ мерейтой аясында өткен ғылыми-танымдық басқосуларға, мәдени шараларға қатысып, қарт Торғайдың топырағында өткен тарихпен қауышып қайтты. Бұл – ұлы тұлғаның еңбегін елдік деңгейде дәріптеп, жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған маңызды іс-шараға Ұлытау халқының да үн қосқанының белгісі.
Міржақыптың күрескерлік жолы «Оян, қазақ!» атты еңбегінен бастау алады. 1909 жылы жарық көрген бұл кітап – қазақ халқының ұлттық санасын оятқан, намысын жанып, азаттыққа ұмтылдырған алғашқы саяси-әлеуметтік үндеу болды. Сол кітаптан басталған отты рух оның бар ғұмырын ұлтына арнаған күрескердің өмірлік миссиясына айналды.
Патша өкіметі оны қуғындап, кейін кеңестік билік қудалауға ұшыратса да, Міржақып ұлттық ұстанымы мен шындық сөзден айныған жоқ. Ол «Қазақ» газеті арқылы халықтың саяси көзқарасын қалыптастыруға атсалысты, жер мәселесін, оқу-ағарту ісін, тіл тағдырын өткір көтерді. Ал 1917 жылғы Алаш қозғалысы кезінде оның елдік мүдде жолындағы еңбегі шарықтау шегіне жетті.
Өкінішке орай, Алаш көсемдерінің асыл арманы кеңестік қанды қылыштың астында қалғаны белгілі. Міржақып 1928 жылы тұтқындалып, Соловки лагерінде 1935 жылы қаза тапты. Дегенмен, оның есімі ұмыт болған жоқ. Ұлы қайраткердің асыл мұрасын елге қайтаруда қызы Гүлнар Міржақыпқызының еңбегі ерекше. Ол әкесінің мұрасын жинап, кітап етіп бастырып, Алаш арыстарының бейнесін кейінгі ұрпаққа аманаттады.
Міржақып Дулатұлы – азаттық үшін арпалысқан, ұрпақ санасына «Оян!» деп жар салған кемеңгер. Оның мұрасы бүгінгі күні де өзекті. Ұлт бірлігі, тіл тағдыры, білім мен ғылымның маңызы, елдікті сақтау – бәрі де қазіргі Қазақстан үшін күн тәртібінен түспейтін мәселелер.
Мерейтойға жиналған жұртшылық Торғайдағы бес бірдей музейді аралап, қазақ тарихының тұтас бір шежіресін қайта зерделеді. Ахаң мен Жахаңнан бөлек, Шақшақ Жәнібек тархан, Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жангелдин сынды тұлғалардың мұрағаттарын көріп, рухани қуат алды. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері – қазақ күресі, «Ұлы дала жорығы», айтыс сынды мәдени жарыстар мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Торғайдағы мерейтой – өткенге тағзым, бүгінге бағдар, болашаққа аманат. Ұлытаудан барған делегация осы тарихи шараның куәсі болып қана қоймай, Міржақыптың рухын ұлықтауға үлес қосты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.