Ақсақалдар киікті қорғауға шақырады
Ұлытау облысы ақсақалдар кеңесінің отырысында киіктің еркін өсіп-өнуіне мүмкіндік жасап, жұртшылықты оларды қорғауға шақырған Үндеу қабылданды.
Қазақстанның кең байтақ даласы сан ғасырлар бойы алуан түрлі жан-жануардың табиғи мекені болғаны белгілі. Солардың ішінде ең киелісі және халқымыздың арасында көптеген аңыз-әңгімелерге арқау болғаны киік. Киік – табиғаттың сыйы ғана емес, қазақтың болмысына сіңген қасиетті бейне, ұлт санасының бір бөлшегі. Алайда, соңғы жылдары киіктің өсіп-өнуіне байланысты ел арасында алаңдаушылық туындап отыр.
Киік – жазда солтүстік өңірлерді жайлап, күз түсе қысы жайлы, қары аз жылы аймақтарды мекендейтін маусымдық мезгілге бейімделген жануар. Мәселен, біздің Арқа өңіріндегі киіктер қыс түсер алдында табын-табын болып Бетпақдалаға бет алатын. Қазір жануарлар осы мүмкіндігінен айрылып қалып отыр. Кейінгі уақытта салынған теміржол, газ құбыры магистралі сияқты үлкен құрылыстар олардың өту жолына айтарлықтай кедергі келтіруде. Соның салдарынан киіктер өз бағыттарынан адасып, қыста осы өңірде қыстап қалып жүр. Сөйтіп, олар қары қалың, қаһарлы қыста азық таба алмай, арып-ашып үлкен шығынға ұшырауда. Онымен қоса адамның және ит-құстың қастандық факторлары да елеулі зиянын тигізуде. Өткен қыстағы жайсыздықта мыңдаған киіктің жаппай қырылып қалғаны – соның айғағы.
Ендігі кезекте осындай келеңсіз жағдайдың алдын алуды ойластырып, түбегейлі шараларды қолға алмаса болмайды.
Осыған орай, облысымыздың және Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының ақсақалдар кеңестері жергілікті әкімдіктерді, барлық ауыл шаруашылығымен айналысатын жандарды, жол инфрақұрылымы мен аңшылық шаруашылығы қызметкерлерін алдағы уақытта болатын киіктердің көшу кездерінде тиісті қамқорлық жасауға шақырады.
Киікті қорғау – туған ел табиғатының экожүйесін сақтау болып табылады.
Киіктің киесі барын ұмытпайық!
Облыстық ақсақалдар кеңесі.