Рамазан айының артықшылығы
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Әуелі баршамызды Рамазан айына аман-есен жеткізген Жаратушы иемізге сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамызды, жасаған салиқалы амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл етсін! Алла Тағаланың күллі мұсылмандар үшін қасиетті етіп берген бірнеше уақыттары бар. Солардың бірі он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айы. Бұл айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Қасиетті айдың артықшылығы жайында Құран аяттары және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистері бар.
Ораза ұстау парыз етілген ай
Алла Тағала ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен Рамазан айын таңдаған екен. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде былай дейді: «…Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын…» (Бақара сүресі, 185-аят). Ал басқа бір аятта «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетесіңдер!» («Бақара» сүресі, 183 аят). Рамазан айында ауыз бекіту әрбір мұсылман үшін парыз. Мұсылмандар үшін ауыз бекіту – бұл тәуліктің күндізгі уақытында ішіп-жеуден, артық сөзден (сондай-ақ жыныстық жақындықтан) толығымен бас тарту.
Күнәдан тазару айы
Рамазан айының оразасы күнәлардың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Хадис шәрифте Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» – деген. Шынайы сеніммен бір ай ораза ұстау арқылы пенде барлық күнәларынан кешіріледі екен. Бұл – тек Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне берілген үлкен сый.
Сабыр айы
Рамазан айының оразасын ұстау адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, дауысын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін». Ораза ұстап аш жүрген адам келеңсіз жәйттарға тап болса, «Мен оразамын» деп сабырға келеді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Ораза – сабырдың жартысы, сабыр болса – иманның жартысы», – деген.
Құран айы
Рамазан айында Құран түскен. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» (Бақара сүресі, 185-аят). Аяттың түсіндірмесінде: «Алла Тағала бұл аятта Рамазан айын мақтап тұр. Себебі, барлық айлардың ішінен Құранды түсіру үшін ораза айын таңдаған. Сонымен қатар, барша иләһи кітаптар Рамазан айында түскені туралы деректер де келтірілген…», – делінген. Сондықтан мұсылман жұртшылығы бұл айда көп Құран оқуды әдетке айналдырады. Қасиетті айдың әр түні тарауық намаздарында Құранды түгелімен оқып шығуға амал жасайды.
Жомарттық айы
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазандағы халі хадисте былай сипатталады: «Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді», – деген. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында аса мәрт болуын ғалымдар былай түсіндіреді: «Рамазан айының қасиеті. Бұл айда амалдардың сауаптары еселене түспек. Хадис жинағында: «Ең жақсы садақа – Рамазанда жасалған садақа», – деген хадис келтірілген. Бұл айда Алла Тағаланың өзі жомарттық жасап, құлдарына мейірімін төгеді. Ендеше адамдардан кім мейірімділік жасап, аш адамды тойдырса, ол адамның мейірімді болғаны. Ал, Алла Тағала пенделерінің ішінде мейірімділеріне мейірімділік танытады. Алла үшін жомарттық жасағанға, Алла жомарттық танытады. Ораза мен садақаның бірге жүруі – екеуі де жәннатқа апарар жолдардан болып табылады».
Қасиетті түні бар ай
Қадір түні – сөзсіз ең қасиетті түн. Алла Тағала Құранда бұл түнге толық бір сүрені арнаған. Онда: «Қадір түні мың айдан артық», – деген. Алла Тағала бір түнді мың айдан да қайырлы етті. Ал мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. Осынша сауаптан үміттенген мұсылмандар Рамазан айының қасиетті түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.
Тарауық намазы оқылатын ай
Рамазан айында мұсылман қауымы бір ай бойы тарауық намазын оқиды. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Тарауық намазды мұсылман қауымы мешітте жамағатпен оқып, бір-бірімен бауырластығын арттырып, мешітті намазбен тірілтеді. Бұл Рамазанның түнгі уақытында жасалады және жиырма рәкағаттан тұрады. Ер адамдар оны мешітте жамағатпен оқиды, ал әйелдер мешітке келмей, үйде оқиды. Себебі әйелдер қауымы үшін қайырлы және мол сауапқа кенелетін намаз ол үйінде жасалған намаз болып табылады.
Дұғалар қабыл болатын ай
Күні бойы ораза ұстаған адам ауызашар алдында тілектерін айтып, Алла Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак хадисінде: «Дұғаның үш түрі қайтарылмайды соның ішінде ауызашарда ораза ұстаушының дұғасы», – деп келген. Дұға адамды тікелей Ұлы Жаратушыға жақындататын дәнекер десек болады.
Рамазан – тәрбие, сабыр, қайырымдылық пен ізгілік мектебі. Он екі айдың сұлтаны, кешірімі мол айды тиімді пайдаланып, берекетіне бөленуді, сауабына кенеліп, күнә-қателіктерімізден арылуды Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін! Әумин!
Медет ЖАҚЫПБЕКОВ,
Жезді кентінің имамы.