Ауқымды жоспар, алдағы меже
Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте автомобиль жолдары саласындағы жол-құрылыс жұмыстарының орындалуы және егін жинау науқаны барысы мәселелері қаралды.
Өңір басшысы облыстағы жол белгілерін салуда олқылықтар бар екендігін атап өтіп, алдымен қоғамның пікіріне құлақ асу қажеттігін жеткізді. Бұл ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдеріне полиция департаментімен бірлесіп, 1 ай мерзімде жол белгілері мен таңбаларды қажет ететін учаскелерді анықтауды және олардың үлкен қиылыстарда орнатылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Сәтбаев қаласы әкімдігіне тұрғындар пікірін ескере отырып, келер жылы жөнделуі тиіс жолдарды осы бастан анықтау жүктелді.
Сонымен қатар облыс әкімі республикалық маңызы бар жолдардың талаптарға сай болуы — экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететіндігін атап өтіп, қолға алынған жұмыстарды ширатуды тапсырды. Атап айтар болсақ, Жезқазған-Қызылорда бағытындағы мердігерлердің қаражатын уақытылы төлеуді, Қарағанды бағытындағы жолда ағымдағы жөндеуді ширатуды, қыс мезгіліне арналған техника санын арттыруды, тайғаққа қарсы инертті материал дайындау жұмыстарын 15 қазанға дейін аяқтауды міндеттеді.
Кеңесте өңір басшысы егін жинау науқанын жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және логистикалық тізбектің дұрыс ұйымдастырылуын, техникалардың жұмысқа қабілетті болуының басты міндет екенін атап өтті. Бұл ретте облыс әкімі 25 жылдан асқан ауыл-шаруашылық техникаларын есептен шығару бойынша жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.