Жиын өзегі – аймақ ахуалы
Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте еңбек нарығын дамыту және көші-қон, қысқы кезеңге жем-шөп дайындау мәселелері қаралды.
Өңір басшысы кеңесте азаматтарды жұмыспен қамту, жастар тәжірибесі және алғашқы жұмыс орындарын құру шараларының атқарылу деңгейін сынға алды. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде қолға алынып жатқан жоба жеткілікті, десе де оларды мамандармен жасақтау ісі баяу.
Сонымен қатар жиында жұмыспен қамтудың өңірлік картасының орындалу барысы да нақтыланды. Облыс әкімі білікті кадрларды тарту ісінің аса ауқымды әрі жауапты жұмыс екенін алға тартып, оны тек бос орындар жәрмеңкесімен шектемей, ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Өңір басшысы аталған дәлелдерді алға тарта отырып, сондай-ақ жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін және жұмыс орындарын құрудағы кемшіліктерге жол бергені әрі тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етпегені үшін ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, энергетика, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшыларына, табиғи ресурстар басқармасы басшысының міндетін атқарушысына ескерту жариялады.
Жиында облыс әкімі облыс аумағына ревизия жасап, пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жеделдетуді, қысқы мал азығын дайындау жұмыстарды қазанның біріне дейін аяқтауды және қарашаның біріне дейін 2026–2028 жылдарға арналған инвестициялық жобалар тізбегін қалыптастырып, ұсыныс енгізу міндетін жүктеді.