«ҚЫЗЫЛОРДА – ЖЕЗҚАЗҒАН» ЖОЛЫ – КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ЖОБА
Республикалық маңызы бар А-17 автомобиль жолының «Қызылорда–Жезқазған» (216–424 шақырым) учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2025 жылғы 19 шілдеден бастап аталған учаскеде асфальт төсеу жұмыстары басталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жол жөндеу жұмыстарымен танысу мақсатында облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шынғысов, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков және Қызылорда облысының мәслихат депутаттары арнайы барды. Сапар барысында жол жөндеуші компаниямен жиын ұйымдастырылып, Ұлытау облысының «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалының директоры Мерей Шахарбаев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Сондай-ақ, шара аясында жол жөндеуші тараптың демеушілігі есебінен Шеңбер ауылына балалар ойын алаңын салуға 5 миллион теңге көлемінде сертификат табысталды. Дәл осы келісімде 2026 жылы Төртқұдық ауылына стрит-воркаут алаңын салып беру жөнінде келісілді.
Ал, Мибұлақ ауылының 10 оқушысының әрқайсысына 100 мың теңге көлемінде мектеп киімдері мен оқу-құралдарын алуға қолдау білдірсе, тамыз айында 20 оқушыға демеушілік көмек көрсетіледі.
Атап өтерлік жайт, республика үшін маңызды автожол құрылысы 2026 жылы толық іске қосылып, жол құрылысы аяқталу барысында Арқалық және Қызылорда шекарасында арнайы жол белгілері қойылады.