Еңбек адамы – ел мақтанышы

Еңбек – адам өмірінің мәні, ал еңбек адамы – сол еңбектің жемісін жасаушы. Еңбек еткен адам ғана шынымен жетістікке жетеді, қоғамға пайдасын тигізеді, өзіне де, өзгеге де қуаныш сыйлайды. Қазақ халқы ежелден еңбекқорлықты жоғары бағалаған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Еңбек – ырыстың бұлағы» деп халық даналығы тегін айтылмаған. Бұл – еңбек адамының қадірін түсіндіріп тұрған терең сөздер.

Еңбек адамы дегеніміз – таңның атысынан күннің батысына дейін маңдай терін төгіп, адал еңбегімен нанын тауып жүрген кез келген жан. Ол – далада егін еккен дихан да, ауыр станок қасында тұрған жұмысшы да, білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаз да, науқастарды емдеп жүрген дәрігер де. Бәрінің ортақ қасиеті – табандылық пен төзім. Себебі нағыз еңбек адамы қандай қиындық болса да, мойымай, еңбектеніп, өз ісіне адал болады.

Қоғамды дамытатын – дәл осындай жандар. Бүгінде озық технологиялар дамып жатса да, оның артында міндетті түрде еңбек адамының қажырлы еңбегі жатыр. Сондықтан да еңбек адамына құрметпен қарау – әрқайсымыздың парызымыз. Еңбектің қадірін түсінген қоғам ғана шынайы жетістікке жетеді.

Маржан БУЛЕГЕНОВА,
көпбалалы ана.