Тұлғасы биік ана
Ғұмыр жолындағы өміршең өнегесі, өркенді ісі, қажыр-қайраты, ақыл-парасатымен бет-беделі болуға лайық адамдар болады. Сондай айбыны асқақ тұлғалардың бірі – Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Жезді кентінің тұрғыны, ұлағатты «Батыр ана», өмірі өнеге бола білген біздің құдағиымыз – Тұрсын апа. Өмір жолын өрелі болмыспен шиырлап, бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты жанның ғибратты ғұмыры баршамызға үлгі-өнеге боларлықтай.
Тұрсын апаның сыртқы тұлғасы, байыпты мінез-құлқы, сабырлы қалпы, баппен басатын жүріс-тұрысы, ойлы да нұрлы, аясы кең көзінің адамның жан-дүниесіне бағдарлай, әлде сынай, әлде сыр тарта қарайтыны тек өзіне ғана жарасып тұратын ерекшелігі іспетті.
Ардақты құдамыз Әбдіқадыр (марқұм) екеуін он перзентке жарық дүние сыйлап, ұлағатты ұл-қыздар өсірген мейірлі ата-ана, өнегелі отбасы ретінде білеміз.
«Құданы Құдай қосады», – дегендей, 1979 жылы Сейтқали жездеміз бен Гүлнәзия апамыз отбасын құрғалы бері әке-шешеміз құда-құдағи атанып, осы уақыт ішінде үнемі сыйластықта, жақсы көңілмен бірге келеміз.
«Жақсы жезде әкеңдей», – демекші, бүгінгі күні Сейтқали жездеміз марқұм болып кеткен Бодық (Шәбет), Молдағали, Заит әкелеріміздің орнында үш үйлі үлкен отбасының ақылшысы, жанашыр қамқоршысы. Сейтқали – сөзі мен ісі бір жерден шыққан, әрқашан жадырап жүретін жан. Бауырлары, балалары, балдыздары және немерелері үшін қоң етін кесіп беруге дайын тұрады. «Қошқар болар қозының маңдайалды дөң келер, адам болар баланың етек-жеңі кең келер», – дейді қазақта, мен осы нақылдан Сейтқали жездеміздің бейнесін көрем. Ата-анасының тектілігі бойына дарыған Секең өзінің асылдың сынығы екенін, сөзбен емес іспен дәлелдеп келеді.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» – дегендей, осынау ерекшелігі – өсіп-өнген, ұрпақтарына керемет тәрбие берген Тұрсын құдағидың қажырлы еңбегі екені сөзсіз.
Сейтқалидың бауырлары Сайлау (марқұм), Байғали, Гуля төртеуіміздің студенттік өміріміз бір уақытқа тұспа-тұс келіп, барлығымыз Сейтқали мен Гүлнәзияның шаңырағында бірге жатып оқыдық. Жастық шақтың ең керемет және қызық кездерін бірге өткізгеннен болар, Секеңнің бауырлары мен үшін туған бауырларымдай. Институтта оқып жүрген кезімізде Жезді қалашығында тұратын Әбдіқадыр әкеміз жиі келіп тұрушы еді. Келген сайын әкелік ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын. Ол кісі өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін. Өз білгенін, көңілге түйгенін, өмірден көргенін тартымды етіп айтып отыратын. Әбекеңнің ғибратты сөздері, салмақты ойы, нәрлі ақылы әлі күнге дейін жадымызда сақтаулы.
Атақты Александр Македонский «…Әкемнен өмір алсам, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», – деген екен. Сол сияқты әр адамның өзіндік қалыптасу тарихы бар екенін еске алсақ, Аманжоловтар отбасының жеке басыма, тұлға ретінде қалыптасуыма үлкен әрі оң әсер бар екенін айта кеткім келеді.
Бүгінгі күні Әбекеңнің отбасында болып тұратын той-томалақ және басқа да іс-шаралардың барлығында зайыбым Назгүл екеуіміз дастарқан төрінен табыламыз. Осындай отырыс-кездесудің біріне барғанда Тұрсын апаның көзі көріңкіремей қалыпты. Астанадан Жезқазған қаласына келіп, есіктен кіріп, апамен амандаса бастағанымыз сол еді, дауысымнан танып «Шахизатсың ба?» – дегенде төбем көкке жеткені бар.
Тұрсын апаны ортамыздың қуаты, ағайынның ырысы, бала-шағаның ұйытқысы деп білеміз. Бүгінгі 90 жасқа келіп отырған мерейтойыңыз құтты болсын дей отыра, төмендегі өлең жолдарын Сізге арнағым келіп отыр:
Перзентке жұмсаған бұла күшін,
Ана – ырыс, бақ – дәулет, жұбанышың.
Адамзаттың тегінен тарағандар,
Құтты болсын бүгінгі қуанышың,
Тал бесікке тірлікті ілмектеген,
Мадақтауға Ананы тіл жетпеген.
Ұлытаудың шыңына ту тігеді,
Анасына той жасап, құрметтеген.
Алла Тағаладан текті ұрпақтың тамырын тәрбиенің таза шырынымен сусындатып отырған қазыналы анамыздың күш-қайратын еселей түссе екен деп тілеймін.
Көрер күндеріңіз көктемнің көгілдір күніндей шуақты болсын!
Жүрер жолыңыз ұзақ, шығар тауыңыз биік, көрер қызықтарыңыз мол болғай!
Шахизат БОДЫҚҰЛЫ.
НҰР-СҰЛТАН қаласы