Ақтаста – ашық пікір, нақты ұсыныс
Ұлытау ауданының әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ жұмыс сапарымен Ақтас кентіне барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Ашық форматта өткен жиын барысында тұрғындар өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, нақты жауаптар алды.
Атқарылған іс – жүйелі жұмыстың нәтижесі
Кездесу басында аудан басшысы Ақтас округінде атқарылған жұмыстар туралы қысқаша шолу жасады. Соңғы уақытта ауылда бұзылған ғимараттар мен үйінділер тазартылып, кешкі көше жарықтандыру жүйесі іске қосылған.
Ал Пионер елді мекенінде ауызсу мәселесін шешу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа су құбыры желісін тарту жұмыстары басталған. Бұл – елді мекен халқы көптен күткен, әлеуметтік маңызы зор жоба.
«Көріп отырмыз, біраз іс қолға алынған. Мұның бәрі – ел болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар» – дейді ауыл ақсақалдары жиында ризашылықтарын білдіріп.
Жол мен ғимарат – басты назарда
Тұрғындар тарапынан Ақтас пен Пионер аралығындағы жолдың жай-күйі мен әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеу қажеттігі жөнінде ұсыныс айтылды. Аудан басшысы бұл өтінішке түсіністікпен қарап, жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеп, сараптамадан өткізу бойынша ауыл әкімдігіне нақты тапсырма берді.
Мектептегі бала саны – елді мекеннің болашағы
Кездесуде ауыл тұрғындары мектептегі бала саны мен мұғалімдердің жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі бұл мәселеден хабардар екенін айтып, әкімдік тарапынан басқа өңірлерден жас отбасыларды көшіру бағытында жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.
– Бұл – тек әкімдік емес, әрбір тұрғынның да жауапкершілігі. Мектепті сақтап қалу – ауылды сақтап қалу деген сөз, – деді Аманжол Батырбекұлы әңгіменің ашығын айта келіп.
Осыған орай ауыл азаматтарын жас отбасылар мен балалардың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жасауға және қолдау көрсетуге шақырды.
Көтерілген мәселе – жауапсыз қалмайды
Аудан басшысы көтерілген барлық ұсыныс-пікірлерді назарға алып, кезең-кезеңімен шешу жоспарға сәйкес жүзеге асатынын атап өтті. Сонымен қатар, ашық диалог пен халықпен тығыз байланыс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Кездесу соңында Аманжол Мырзабеков ауыл тұрғындарына белсенділік танытқандары үшін ризашылығын білдіріп, ел ішіндегі бірлік пен түсіністік қандай да бір мәселені шешудің басты кепілі екенін баса айтты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.