ҰЛЫ ЖЕҢІС – ҰЛТ РУХЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Ұлытау ауданы орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар легі «Таңбалы тас» саябағындағы «Ер есімі – ел есінде» атты мемориалдық кешені іргесінде ұйымдастырылған соғыс құрбандарын еске алу жиынынан бастау алды.

Мәңгілік алау жанына жиналған қауым алдын аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дәурен Сәрсенбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, еңбек ардагері Ахметжан Жанұзақов бастап, ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды. Тағзым етуші жұртшылық одан кейін ел басына күн туған шақта ерлік көрсеткен майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, бабалар рухына ауданның бас имамы Жанболат Рақымбердиев құран бағыштады.

Мемориалдық кешендегі шара соңы одан кейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимараты алдындағы үлкен алаңда жалғасты. Алаңның екі шетіне тігілген киіз үйлер ішіне аудандық кітапхананың кітап қорынан алынған әдеби кітаптар мен өлкетану музейінің құнды жәдігерлері қойылды. Көпшілік қауымға соғыс жылдарындағы тақырыптық көрмені Света Омарова таныстырып, майдангерлер туралы жазылған кітаптарға Сандуғаш Дүйсенбаева библиографиялық шолу жасады.
Бұдан кейін мерекелік жиын аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың сөзімен ашылды.
– Біз майдан даласында оққа ұшқан аталарымыз бен әкелеріміздің ерліктерін әркез құрметпен еске аламыз. 9 мамыр күні – біз соғыс және тыл ардагерлерінің алдында бас иеміз. Олардың жауынгерлік және еңбек ерліктерінің арқасында бүгін бейбіт аспан астында Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Аға буынның жасаған ерліктері ешқашан өшпейді. Ол ұрпақтар есінде мәңгі сақталады, – деді аудан басшысы.
Сөз соңында Аманжол Батырбекұлы Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Светлана Григоровичке Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медальді табыс етті. Ұлытау ауданының Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дәурен Сәрсенбаев пен аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жәнібек Наурызбаевты Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады. Ұлытау ауданының 85 жылдық мерейтойлық медалімен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Рахыш Нәшкенова мен еңбек ардагері Зүбәйра Ершұманованы наградтады. Одан кейін аудан басшысы Аманжол Мырзабеков үш қабатты жаңа үйдің пәтер кілттерін жалғызілікті ана Айман Кәренова мен көпбалалы ана Дидар Байғабұловаға табыс етті.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының театрландырылған қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Сахнада алғашқы бетте жүздерінен күлкі ойнаған жастардың алаулаған жарқын бейнесі суреттелді. Осы бір сәтте, радиодан «Фашистік Германия Кеңес Одағына қарсы тұтқиылдан шабуыл жасады» деген хабар естілді. Лезде жастардың алабұртқан көңілінің тас-талқаны шықты. Қойылымның екінші бөлімінде зарлы үн, таяққа сүйенген қарттар көз жасын жаулығымен сүрткен аналар, жүзі солғын тартқан бойжеткендер, соғысқа аттанғалы жатқан ер-азаматтарының бейнесі бейнеленді. Осы тұсы көрермен қауымның да көңілін құлазытып, көзіне жас алғызды. Қойылым әрі қарай жалғасып, тылда еңбек еткен аналардың бейнесі сомдалды. Сахналық қойылымның соңы Қазақ елінде тойланып жатқан Жеңіс тойына ұласты. Қойылым аяқталғаннан кейін мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар тақырыптық мазмұндағы патриоттық әндер мен Жеңіс әуендерін шырқады.
Тыл және еңбек ардагерлері алаңға арнайы тігілген жауынгерлер асханасына барып, солдат ботқасынан ауыз тиді. Жалпы айтқанда, Ұлы Жеңіс күніне арналған іс-шара жоғарғы деңгейде өтті. Бұл жолы көрермен қауым мерекеден ұмытылмастай әсер алып, тарқасты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.