Ұлы Жеңіс: Батыр бабаларға тағзым

Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл – тек тарихи белес қана емес, сонымен қатар, жауынгерлеріміздің ерлігі мен жанқиярлығын мәңгі еске алатын рухани ұлы күн.

Ұлы Жеңіс – ата-бабаларымыздың ерен ерлігімен, қанымен, жанымен келген қасиетті жеңіс. Олар Отан үшін от кешіп, болашақ ұрпақ бейбіт өмір сүрсін деп майдан даласында кеудесін оққа тосқан еді. Сол батырларымыздың арқасында бүгінгі тәуелсіз Қазақстан бар, тыныш күн бар.

Жеңіс күні – әр отбасының жүрегіне жақын. Себебі бұл соғыстың от-жалыны әр шаңыраққа тиген. Әкеден айырылған бала, жарынан айырылған ана, туғанынан көз жазған бауыр – мұның бәрі сол соғыстың зұлмат салдары.

Бүгінгі бейбіт аспан үшін алғыс айту – біздің парызымыз. Ардагерлерге құрмет көрсету, тарихты ұмытпау, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – сол Жеңістің аманатын арқалау деген сөз. Олардың ерлігі – ұлт жадында мәңгі сақталуы тиіс.

80 жыл – үлкен мерзім. Бірақ уақыт өткен сайын Жеңістің бағасы мен маңызы одан сайын арта түсуде. Бұл – тарих алдындағы адалдықтың, ұрпақтар сабақтастығының, елге, жерге деген сүйіспеншіліктің символы.

Серік БАЙМАҒАНБЕТОВ,
Ұлытау ауданының Қоғамдық кеңесінің төрағасы.