Батырлықтың нәзік бейнесі
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтер сәтте ерлік пен батырлықтың жарқын үлгісіне айналған Әлия Молдағұлова есімі ерекше аталады. Ол – жастық шағын Отан қорғауға арнаған, халқының болашағы үшін жанын пида еткен қайсар қыз.
Әлияның ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі, елге деген шексіз сүйіспеншіліктің, отансүйгіштіктің символы. Оның батырлығы – тарихтың төрінен орын алған шын мәніндегі рухани биік. Әлияның есімімен аталған мектептер, көшелер мен ескерткіштер – өшпес ерліктің, мәңгілік ел жадындағы құрметтің айғағы.
Біз осындай ержүрек батырлардың арқасында бейбіт өмір кешіп отырмыз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – Әлия сынды ерлер мен ержүрек арулардың рухына тағзым етер, ұрпаққа ұлағат болатын мереке.
Әлия Молдағұлованың жарқын бейнесі – қайсарлық пен нәзіктіктің, ерлік пен елжандылықтың үндескен үлгісі. Ол небәрі 18 жасында майдан даласына аттанып, мерген ретінде қаншама жаудың бетін қайтарды. Бірақ оның ең үлкен жеңісі – жүректерге жол тапқан батырлық рухы.
Бүгінде Әлияның есімі тек тарих беттерінде ғана емес, халық жадында, жас ұрпақтың жүрегінде өмір сүріп келеді. Жыл сайын мектептерде, оқу орындарында, әскери-патриоттық клубтарда оның ерлігіне арналған тәрбие сағаттары мен еске алу шаралары өткізіледі. Бұл — жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті, Отан алдындағы жауапкершілікті қалыптастырудың бір жолы.
Ғазиз УСКЕНБАЕВ,
зейнеткер.