Діни ахуал – қалыпты арнада
Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Өңірдегі діни ахуалдың жай-күйі» тақырыбында брифинг өтті. Баяндамашы Ұлытау облысының дін істері басқармасының басшысы Дулат Тулегенов.
Дін істері Басқармасы үш негізгі бағытта жұмыс жасайды: ақпараттық-түсіндіру, қарсы насихат, және оңалту жұмыстары.
Ұлытау облысында 8 діни конфессияны қамтитын 47 діни бірлестік қызмет етеді. 2024 жылдың басынан бастап басқарманың үйлестіруімен жергілікті діни бірлестіктер арасында өзара түсіністікті нығайту, конфессияаралық диалогты дамыту және өңірдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған «Ұлытау облысының діни бірлестіктер клубы» жобасы іске қосылды. Клуб жұмысы аясында түрлі форматтағы іс-шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, діни бірлестіктер арасындағы шығармашылық фестивальдер, ықпалдастықты арттыруға бағытталған тимбилдингтер, қайырымдылық акциялары және клуб мүшелерінің тарихи жерлерге сапарлары ұйымдастырылды.
Сонымен бірге, Ұлытау облысында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары (бұдан әрі – АТТ) аймақтық бөліністерге сәйкес облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде құрылған. Барлығы 1 облыстық, 3 қалалық және 2 аудандық АТТ тобы жұмыс жасайды. АТТ құрамында барлығы 54 маман бар.
Басқарманың үйлестіруімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында тәуекел дәрежесі жоғары мақсатты топтардың қамтылуына басымдық берілуде. 2024 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін (қаңтар-желтоқсан) ақпараттық-түсіндіру топтары арқылы түрлі форматтағы 1581 іс-шара (1262 кездесу, 131 дәріс, 188 акция) ұйымдастырылып, оларға 77 140 адам қамтылды.
Қарсы насихат жұмысы – бұл теріс діни идеологияны үгіттеумен күресуге арналған шаралар кешені. Қарсы насихат қызметінің басты мақсаты – әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтардың діни терроризм мен экстремизмге қарсы дүниетанымын қалыптастыру және деструктивті діни ағымдардың радикалды идеологиясына қарсы тұрақты иммунитетті дамыту.
Қарсы насихат материалдары видео, фото (инфографика, қанатты сөздер), сұхбат түрінде әзірленіп, «KONTR» ақпараттық жүйесі арқылы тексерістен өткізілді. Облыс аумағында олар әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Facebook, YouTube) және облыстық телеарналарда («Ұлытау», «Ақшам») ақпараттық әсер ету мақсатында таратылды. Сондай-ақ облыстағы танымал әлеуметтік парақшалармен ықпалдастық орнатылған.
Жыл басынан облыстың алдын алу субъектілерімен 365 қарсы насихаттық материал әзірленіп, олардың 350-і «KONTR» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріліп, облыс аумағындағы әлеуметтік желілерде таратылды. Бұл материалдар құрамына 133 видео, 209 инфографика және 8 мәтіндік материал енді.
«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі – интернет желісінде құқыққа қайшы материалдарды анықтау, есепке алу, бағалау және бұғаттау жұмыстарын жүйелеуге және оңтайландыруға арналған. Жыл басынан бері «Кибернадзор» жүйесіне деструктивті идеологияны насихаттайтын және джихадқа шақыратын 1259 сілтеме енгізілді. Бұл сілтемелердің ішінде 547 бейнематериал, 649 аудиожазба, 31 әлеуметтік желі қолданушысының парақшасы, 7 сурет, 7 интернет-ресурс, 8 пост немесе пікір, 6 топ, 2 чат немесе форум, 1 мақала және 1 YouTube арнасы бар.
Құқыққа қайшы материалдарды анықтау бойынша ай сайынғы жұмыс нәтижесінде қаңтарда – 93, ақпанда – 136, наурызда – 69, сәуірде – 68, мамырда – 70, маусымда – 49, шілдеде – 37, тамызда – 68, қыркүйекте – 91, қазанда – 207, қарашада – 236 және желтоқсанда 135 сілтеме тіркелді.
Сонымен қатар, Дін істері басқармасы құқыққа қайшы мазмұндағы діни материалдарды талдау және қайта қарау жұмыстарын жүргізіп, «Кибернадзор» жүйесіне жүктелген 28 сілтемені өзектілігін жоғалтқандықтан алып тастады. Бұл жұмыстар тиісті әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылуда.
Халықтың радикалдану қаупін азайту және экстремистік, террористік ұйымдардың ықпалына тарту тәуекелдерін төмендету мақсатында облыс тұрғындарын интернет желісіндегі деструктивті діни насихат топтарынан шығару бойынша Талдамалы интернет картасы (ТИК) жүйесі белсенді пайдаланылуда.
Қазіргі уақытта Ұлытау облысында Instagram желісінде деструктивті діни насихат жүргізетін топтарға тіркелген 19 929 аккаунт анықталды. Оның ішінде 6 685 аккаунтпен нақты жұмыс жүргізілуде, ал 281 аккаунт тексеру кезеңінде.
Сонымен қатар, Вконтакте желісінде мұндай топтарға тіркелген 468 аккаунт бойынша жұмыс жүргізіліп, 7 аккаунт тексерілуде.
2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша Instagram желісіндегі 12 586 қолданушы және Вконтакте желісіндегі 507 қолданушы деструктивті діни насихат жүргізетін топтардан шығарылды.
Дін саласындағы кадрларды даярлау мәселесінде Ұлытау облысында дін мамандарының жетіспеушілігі өзекті проблема болып табылады. Осы олқылықты толтыру мақсатында 2024 жылы өңірге 3 наиб имам және 2 әйел ұстаз жұмысқа тартылды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетіне «исламтанушы» мамандығы бойынша 5 арнайы грант бөлінді. Қазіргі таңда осы грант иегерлері аталған оқу орнында білім алуда.
Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 2024 жылы Ұлытау облысының дін істері басқармасы 6 өтінішті қарастырып, мемлекеттік қызметтер көрсетті.
Діни қызмет саласындағы заңнама нормаларын бұзу бойынша 2024 жылдың басынан бері 9 құқық бұзушылық фактісі анықталып, әкімшілік айыппұлдар салынды.
Оңалту жұмысы
Оңалту жұмысы аясында аясында өңірде оң динаминка бар. Бұл бағытта жұмыс деструктивті діни идеология жақтаушылары мен №62 түзету мекемесінде өткізіліп отырады. Облыста қазір 14 теолог маман жұмыс жасайды. Дін мамандарына деген тапшылық әлі де сақталып отыр. Облысқа шамамен 20 имам мен 7 теолог маман қажет. Осы бағытта кадрлық тапшылықты жою үшін исламтанушы мамандарды әзірлеуге 2024 жылы алғаш рет Ұлытау облысы әкімдігінің 5 арнайы гранты бөлінді. Қазір 5 ер бала Алматы қаласындағы «Нұр Мүбарак» университетіннің I курсында оқуда.
Сонымен бірге, мешіт имамдарымен бірге ағымдағы жылы мешіттерде Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылманшылық тұтқасы», Шәкәрім мен Алаш зиялылары туралы уағыз насихаттар өтуде. Жамағат алдында дәріс беруге тарихшы мамандар тартылуда.
Біздің өңірде дінге деген көзқарасы біркелкі емес. Сондықтан, көптеген шашыраңқы пікірлер мен шешілмеген мәселелер қашанда болады. Біз бірінші кезекте мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, қоғамның барлық топтарының сұраныстарын есепке алуға тырысамыз.
Сонымен бірге, 2024 жылы дін саласындағы әлеуметтік зерттеулер жүргізілгенін айта кетейін. Жалпы жағдай тұрақтанып келе жатыр. Барлық тараптармен атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижесінде деструктивті діни ағымдардың ықпалы біртіндеп азайып келеді. Жалпы алғанда, облыстағы діни жағдай бүгінгі күні тұрақты. Бұны 2024 жылғы «Ұлытау облысындағы діни жағдай» тақырыбында жүргізілген социологиялық зерттеудің нәтижелерінен көруге болады. Зерттеуге Ұлытау облысының әртүрлі аймақтарынан 18 жастан 61 жасқа дейінгі 2000 тұрғын қатысты.
Социологиялық зерттеудің бірінші және екінші кезеңдерінің нәтижелері бойынша облыстағы діни жағдай тұрғындардың пікірінше, әдетте жақсы деп бағалануда (84,7%). Бұл уақытта өте қиын жағдайды бағалаған респонденттердің саны 1,9%-ға азайды.
Респонденттердің басым бөлігі (92%) өздерін діни және сенуші адамдар деп санайды, бұл дін саласының маңыздылығын тағы да растайды. Сонымен қатар, респонденттер басқа діндер мен конфессияларға деген жоғары деңгейде төзімділігін көрсетті (94,3%). Қатысушылардың басым бөлігі (63,7%) деструктивті діни ағымдардың жақтаушыларын ажырата алатындарын айтты.
Респонденттердің көпшілігі (79%) облыстағы (тұратын жерлеріндегі) конфессияаралық жағдайды оң деп бағалауда. Төзімділік деңгейі діни жағдайды оң бағалауымен сәйкес келеді (84,7%). Сонымен қатар, зайырлылық пен секуляризм деңгейі 71,3%-ды құрайды.
Сонымен қатар, бір айта кететін жайт – ол дін саласында кеңінен қолданылатын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша. Яғни, 2025 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заңның аясында діни қызмет саласындағы жауаптылықты көздейтін 490-баптың бірінші, үшінші және жетінші бөліктерінде «ескерту» институты енгізілді. Сонымен қатар, 490-баптың бірінші, екінші, үшінші және жетінші бөліктерін бұзу бойынша әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 50%-ға азайтылған.