Күн тәртібінде – маңызды мәселелер

Ұлытау ауданының əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен кеңейтілген аппарат жиыны өтті. Күн тəртібінде 2025 жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу жəне көктемгі дала жұмыстарына дайындық туралы мəселелер қаралды.

Күн тəртібіндегі бірінші мəселе бойынша аудан əкімінің орынбасары Аян Əбжамалов баяндама жасап, аудан бойынша елді мекендерде су тасқынының алдын алу мақсатында жасалған инженерлік жоспарға тоқталып өтті. «Талдысай» елді мекенінде көктем мезгілінде су басу қаупінің алдын алу мақсатында суағар арнасының ұзындығы 120 метр, тереңдігі 3 метр, ені 4 метр кеңейту жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта мұздың өтуіне кедергі келтіретін тал шыбықтарын кесу жұмыстары жүргізілуде. Ал, Жезді өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары «Қазақмыс» ЖШС техникасымен демеушілік көмек ретінде алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жұмысты одан əрі күшейтіп, күнделікті бақылауда ұстау керек. Барлық ауылдарда қар уақытында күреліп, автокөліктер мен жаяу жүргіншілерге кедергі болмауы тиіс. Өз кезегінде жеке тұрғын иелері де аулаларын қардан тазартып, су басу қаупінің алдын алу қажет. Шалғайдағы əр шаруа қожалық иелеріне əкімдер мен жергілікті полиция қызметкерлері төтенше жағдайдың алдын-алу мақсатында күнделікті ескертіп отыру керек», – деді аудан басшысы.
Күн тəртібіндегі екінші мəселе бойынша аудан əкімінің орынбасары Алмат Сакипов хабарлама жасап, көктемгі дала жұмыстарына байланысты жоспармен таныстырып өтті. 2025 жылға жоспарланған егістік алқаптың жалпы көлемі – 21424 гектарды құрайды (2024 ж. 20800га – 102,6%). Оның ішінде: бидай — 19700 гектар, арпа – 1300 гектар, жоңышқа – 350 гектар, картоп – 53 гектар, көкөніс – 21 гектар. Биылғы жылы суармалы əдіспен 350 гектар жерге көпжылдық шөп егу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, көктемгі жəне күзгі дала жұмыстарын тиімді өткізуге жаңа техниканы пайдалану үлкен мүмкіндіктер беруде. Осыған байланысты облыстық «Қаз АгроҚаржы АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы», «Ұлытау» ƏКҚ арқылы төмендетілген пайызбен былтырғы жылы 60 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Бұл өз кезегінде дала жұмыстарының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Аудан əкімі осы тұрғыда жұмыстарды одан əрі ширатып, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды тиімді пайдаланып, кент-ауыл əкімдері арқылы шалғайдағы əр шаруа қожалығына түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар тұқыммен қамтамасыз ету, жеңілдетілген жанар-жағармайдың шаруаларға уақытылы жетуін облыстық құзырлы басқармамен бірлесіп жұмыс ұйымдастыруды тапсырды.
Күн тəртібінде қосымша мəселелер де қаралып, хаттамалық тапсырмалар берілді.
Ұлытау ауданы əкімінің баспасөз қызметі.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.