Нұрлы күн

Бүгін Наурыз – Ұлы күні ұлыстың,

Таситұғын күні байлық-ырыстың.

Алла жерге нұрын шашып аспаннан,

Кеңейер кез тіршілікте тыныстың.

 

Кең даладан жұпар исі аңқиды,

Дүниені шаттық кернеп, шалқиды.

Бүгін, міне, күн менен түн теңеліп,

Самарқанның көк тасы да балқиды.

 

Бай өлке – Сарыарқаның сауырында,

Киелі Ұлытаудың бауырында.

Наурыз тойдың думаны толастамас,

Қарамай күннің боран, дауылына.

 

Демеңдер ұлттық дәстүр сарқылады,

Асылып тайқазандар жарқырады.

Дастархан толы ұлттық тағамдарға,

Шабыты ақындардың шарқ ұрады.

 

Үзілмей дами берсін әдет-ғұрып,

Асқақтай берсін мәңгі ұлттық рух!

Береке Жаңа жылда болсын дейік,

«Құтты болсын!» деп тілек айта отырып.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.