Жаңа жыл қазақ үшін жайлы бола ма?

« Тәжтажалды » алып келген тышқан жылынан жүрегі шайлығып қалған елді, жиі мазалайтын сауалдардың бірі осы. Әрине, әр жылдың өзіне тән мінезі бар екені даусыз. Десек те, биылғы жыл шын мәнінде қандай болмақ? Біз осыған жауап іздеп көрген едік.

ЭТНОГРАФ НЕ ДЕЙДІ?

Кез келген мәселеге жауап іздегенде ең әуелі жүгінеріміз – ғаламтор желісі. Бұл жолы да атбасын ауызекі тілде «Гугл әулие» аталып кеткен Google торабының «табалдырығын аттадық». Осы жерден қазақстандық этнограф Ахмет ТОҚТАРБАЙДЫҢ ой-толғамын тапқан едік.

Этнографтардың айтуынша, үй жануарлары жылы, жақсы, жайлы өтеді екен.

– Қазақ күнтізбесі бойынша сиыр жақсы, жайлы жылдардың бірі деп саналады. Себебі жағымсыз жылдар тарихта бар, мысалы, қоян жылы – қазақ күнтізбесі бойынша ең ауыр жыл. Тышқан жылы, жылқы жылында соғыс, ұрыс-керіс болған. Сиыр – жуас, момын мал. Екіншіден, ертеректе кедей отбасында бір сиыр болса, сол барлығын асыраған. Бір сиырды сол үйдің анасы деп атайды екен, – дейді маман.

Жалпы, бұл жыл тыныш, дау-дамайсыз, халыққа мамыражай жыл деп саналады.

НУМЕРОЛОГ НЕ ДЕЙДІ?

«Сиыр жылында мүмкіндікті құр жібермеу керек» дейді қазақстандық нумеролог Жанна КЕНЖЕБАЕВА.

Оның айтуынша, биылғы жылдың басты цифры – 5 (2+0+2+1). Осы цифр адамзат тағдырында көп нәрсені өзгертеді, яғни, бәрін өз орнына қояды екен. «2021 жылы атқарылған шаруаның нәтижесі дереу көрінбеуі мүмкін, одан кейін байқалуы ғажап емес», дейді Жанна.

– Мүддесін тек бірінші орынға қоюды үйренгендер өзі үшін қарым-қатынастың жаңа түрін ашады. Ондай азаматтар бұл жылы қоршаған ортаға қайтарымсыз жақсылық жасаудан ләззат алып, сол қасиетті әдетке айналдыра бастайды. Ал бұған дейін ылғи жақсылық жасап жүргендер 2021 жылдың бар жақсысын алады.

Өткен жыл көптеген салада өзгеріс әкелді. Жаңа түсініктермен таныстық, жұмыстың жаңа режиміне, қозғалыс пен жаңа өмірге тап болдық. Мұның жақсы не нашар екенін айту – қиын. Сиыр жылы бұл өзгерістер сол қалпында қалады. Бар адамзатқа қатысты өзгерістерден қорықпау керек. Оған қарсы тұрудың еш мәні жоқ, дұрысы – өзгеріске оң көзбен қарап, оны қабыл алу.

Бұл жылда әлемдік экономикадан тұрақтылық күте алмаймыз. Өйткені ғаламдық өзгерістен бұл сала да шет қалмайды. Әсіресе, шағын бизнес иелеріне белді бекем буып, қиындыққа қарсы тұруға тура келеді. Сиыр жылында ірі несие мен қарыз алмауға кеңес береміз. Мәселені өз күшіңізбен шешуге тырысқан абзал. Бір жақсысы, пандемия біртіндеп аяқтала бастайды, бірақ аймақтар пен елдер арасындағы қозғалыстың шектелуі, шекаралардың жабылуы және түрлі ерекше режим өзгермейді.

Пандемия ахуалының жақсаруын жылдың екінші жартысынан күтуге болады. Ең қауіпті айлар – ақпан, маусым, қараша мен желтоқсан. Осы айлар да ерекше сақтанып, сапарға шығуды жоспарламау керек, отбасы мен жұмыста ұрыс шығармауға тырысқан жөн. Қалған айлар жаңа жылдың ең жайлы кезеңдері саналады.

Тағы бір айта кететіні, 2021 жылы келіп тұрған мүмкіндікті құр жіберуге болмайды. Ойламаған жерден мүмкіндік пайда болды ма, ештеңеге қарайламау керек.

Дегенмен, мұның бәрі жалпылай берілген болжам екенін ұмытпаңыз, – дейді нумеролог.

АСТРОЛОГ НЕ АЙТАДЫ?

Белгілі отандық астролог Елена ТОПОЛЬСКАЯ да алдағы жыл қандай болатынын айтып, болжам жасаған екен.

Оның айтуынша, жаңарудың, жаңа бастамалардың, құндылықтарды қайта бағалаудың уақыты 2022 жылға сәйкес келеді. Ал 2021 жыл жағдайды оңтайландыру арқылы тұрақтандыру ретімен өтеді. 2021 жыл ақшаны үнемдеуге, бұрын жинақталған мүлікті сауатты басқаруға қолайлы және адамдарға үлкен мансаптық мүмкіндіктер бере алады, – дейді ол.

Сонымен қатар, астролог маман инновация, жаңа бастамалар, жаңа бизнес мүмкіндіктері тұрғысынан мүмкіндіктер онша көп болмайтынын да атап өтті.

P.S. Әлеуметтік желіде ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫНЫҢ дүниеден өтер алдында айтқан болжамы да жарияланды. Әулиелік дарыған ерекше жаратылыс болжамы бойынша сиыр жылы халыққа жайлы, жақсы өзгерістер болатын көрінеді…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.