ӨҢІРЛІК һәм ӨМІРЛІК МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте теміржол саласы мен транзиттік әлеуетті дамыту және Ұлытау облысы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару туралы сұрақтар қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша «Қазақстан темір жолы» АҚ Қарағанды филиалының Жезқазған аймағы бойынша директорының орынбасары Файз-Рахман Балғабаев баяндады. Өңір басшысы өз кезегінде облыс орталығының қолданыстағы темір жол вокзалы ғимаратының әлеуетін стандартқа сай етіп жақсартудың және жаңа ғимарат салудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар апатты жағдайларды болдырмау үшін теміржол бойын малдарға қауіпсіз етіп қоршауды, ол жұмыстарды сапалы әрі жиі жүргізу талабын қойды.

Өңір басшысы облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару ісінде белгілі жоспар айналасында шектелмей жұмыстарды үздіксіз жалғастыру міндетін жүктеді.

Сонымен қатар облыс әкімі пайдаланылмай тұрған жерлерді қадағалауда мониторинг жұмыстарының маңызды екенін жеткізді. Өңір басшысы Ұлытау облысы жер ресурстарын басқару департаментіне жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.