Погон таққан перизат
Гүл-көктемнің күлімдеген күнімен бірге келіп жеткен арулар мерекесі қарсаңында аудандық полиция бөліміне баруды жоспарлаған едім. Мұндағы мақсатым – погон таққан перизаттармен жүздесу еді. Оның да сәті түсті. Бір байқағаным, полиция жұмысы сырттай қарағанда, салмақты, жайбарақат көрінгенімен, ішкі иірімдері шытырманға толы екен. Нәзікжандылардың тек ер-азаматтар ғана көтеретін жүкті арқалап жүргенін көргенде, олардың қайсарлығына еріксіз қайран қалады екенсің. Сондай жандардың бірі – полиция аға лейтенанты Асылзат ЖАҢБЫРШИЕВА.
Оның аудандық полиция бөліміне қызметке қабылданғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, қайсар қыз небәрі төрт жыл ішінде қоғам мен халық игілігіне қызмет етуде жақсы қырынан көріне біліпті. Бүгінде қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңға қарсы қол сұғушылардан қорғауға белсенді үлес қосуда. Әрине, ішкі істер саласында ер-азаматтармен бірге қызмет жасау – нәзікжандыға оңай емес. Сонда да қиын жұмыстың жалына жармаса жүріп, өжет қыз тағылымды тәжірибе жинақтаған екен.
Ал, оның өз жұмысы туралы айтып беруін сұрағанымызда, алдымен Асылзат атқаратын қызметінің ерекшеліктерін тілге тиек етті. Сөз соңында қосымша жаттығу жұмыстары жайлы да баяндап өтті. «Біздің бөлімде әр апта сайын атыс қаруын қолдана білу, оның ережесін сақтау тәртібіне байланысты оқу-жаттығулары өткізіліп тұрады. Бұған қатысу – қызметтік міндетіміз. Сонымен қатар, жауынгерлік күресте өзіміздің физикалық, психологиялық тұрғыдан дайындығымызды
көрсетеміз. Әсіресе, саптық және әскери дайындық жұмыстары қиынға соғады. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, тапсырмаларды орындау барысында шаршайтын кездерім де болады. Ол үшін әуелі қайрат-жігер мен төзімділік керек. Сондықтан шыдайсың. Бар күш-жігерімді жинап, өзімнің қалаған мамандығым осы болғандықтан мінсіз атқаруға тырысамын. Бізде демалыс, мереке күндері еркін дем алу деген сирек. Ол күндері жұмыс бұрынғысынан да еселене түседі» дейді погон таққан перизат.
Негізінде, Асылзат Жаңбыршиева – Қызылорда облысы, Арал өңірінің тумасы. 2009 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану факультетін тәмамдаған. Қазіргі кезде Ұлытау аудандық полиция бөліміндегі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ