Әлемнің жарығын сыйлаған…
Қай заманда болмасын, әйел заты қоғамның белсенді бір мүшесі ретінде танылғаны мәлім. Тарих парағын ақтарсақ, нәзікжандылар ерен ерлік пен еселі еңбектің небір үздік үлгілерін көрсеткеніне куә боламыз. Әсіресе, қазақ әйелдері талай-талай замана ауыртпалықтарын ерлермен бірдей көтере білген. Тәңір әйелге берген ең асыл қасиет – жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп-ержеткізуінің өзі оның қадірінің қаншалықты биік екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?! Иә, әйел – тіршілік бастауы, әйел – өмір нәрі, әйел – тірлік тұтқасы! Сондықтан өмірге келген әрбір адамзат баласы әйел-ананың алдында мәңгі қарыздар!
Қазіргі таңда халық шаруашылығының қай саласын алсақ та, әйел заты алақанының табы бар. Ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына қандай құрмет көрсетілсе де лайықты. Білім беру, медицина, мәдениет, ауылшаруашылығы, тұрмыстық қызмет көрсету сияқты салалардағы еңбеккерлердің басым бөлігі – нәзікжандылар. Тіпті құрылыс, құқық қорғау және заң орындарында, ауыр өнеркәсіп пен өндірісте де әйелдер жемісті еңбек етіп жүр. Олардың еңбекқорлығы, тиянақтылығы мен тындырымдылығы мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Сонымен қатар, әр әйел өз шаңырағының қамқоры, береке мен молшылықтың ұйтқысы. «Отан – отбасынан басталады» десек, осы отбасының арқауы әйел-ана екені даусыз. Қазақта «әйел бір қолымен – бесікті, екінші қолымен – әлемді тербетеді» деген қанатты қағида бар. Әйел-ананың қоғамдағы қадір-қасиеті осы қанатты сөзде айқын көрініс тауып тұр емес пе?! Ендеше, әлемнің жарығын сыйлаған әйел-анаға, жалпы нәзік жандыларға деген құрмет пен қошемет, қоғамда ең алғашқы орында тұруы заңдылық. Анаға деген құрмет ешқашан сарқылмақ емес!
Негізі әр жыл сайын 8 наурызда тойланатын мейрамның тарихы тереңде жатыр. Бұл мейрам әйелдердің теңқұқықтылық пен еркіндік алу жолындағы ынтымақтастық күні ретінде пайда болды. Ал 1975 жыл – Халықаралық әйелдер жылы болып аталып өткеннен соң, Біріккен Ұлттар Ұйымы наурыз айының 8 жұлдызын Халықаралық әйелдер күні етіп ресми түрде бекітті. Содан бері жыл сайын 8 наурыз күні – Халықаралық әйелдер мерекесі үзіліссіз аталып келеді. Осы орайда өмір бойы әйелдер құқығы үшін күрескен Клара Цеткинге алғыс айтқан жөн. Соның арқасында осы мерекені бүкіл әлем атап өтеді. Қазір 8 наурыз бастапқы саяси сипатын жоғалтып, аналар, қыздар, сүйген жар мен қыз-келіншектерді ер-азаматтар құттықтап, құрмет көрсететін мейрамға айналды. Көгілдір көктемнің көрікті мерекесінің қастерлі де әдемі иелері – әйелдер қашанда құрмет биігінде тұра беретіні сөзсіз. Өйткені, әйел – өмір өзегі, тіршілік нәрі! Ендеше, бұл мерекенің қадір-қасиеті де ешқашан кемімек емес, керісінше, жыл санап ұлғая түспек.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ