Тұрғындар мүддесі – бәрінен биік
Облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ аудандық мәдениет үйінде Ұлытау ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы облысымыздың билік тарапынан атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады. Сонымен қатар, алдағы уақыттың еншісіне тиетін міндеттер жайлы да мәлімет берді. Бұқарамен бетпе-бет тілдескен әкімнің сөзі Ұлытау ауданының электр энергиясы, жол, денсаулық сақтау саласына қатысты өрбіді.
«Біз Ұлытау ауданы бойынша жарық мәселесін кезең-кезеңімен шешуді қолға алып отырмыз. Ол үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына жүгінуіміз қажет. Жаңаарқа ауданының тәжірибесіне сүйенер болсақ, қазір кенттің өзінде және Ералиев ауылында ұзақ жылдан бергі проблеманың түйінін дәл осы республикалық жоба аясында сәтті тарқатып жатырмыз» – деді өңір басшысы өз сөзінде. Сондай-ақ, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау – Арқалық бағытындағы жолдың қаражаты толық шешілсе, келер жылы шекараға дейін асфальттау мүмкіндігі бар екенін айтты. Биылдың өзінде асфальттау жұмысы 30 шақырымды қамтығанын тілге тиек етті.
Бұдан соң, облыс әкімі өңірдегі денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге тоқталды. Дәрігер маман тапшылығын шешуде 5-8 миллион теңге аралығында көтермеақы бар екенін айта келе, өңірдің жедел-жәрдем көліктері жаңартылып жатқанын тағы биыл екі ауылға көліктер берілетіндігін жеткізді.
Одан кейін Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтың есепті баяндамасы тыңдалып, бүкпесіз ашық әңгімеге мол мүмкіндік берілді. Баяндамада ауданның даму үрдісіндегі күрделі жайттар екшеліп, оларды елдік мұрат жолында еңсерудің алғы шарттары айқындалды. Бұл жолы Аманжол Батырбекұлы жиналған қауымның алтын уақытын құрғақ есеппен зая етпеді. Бірден ашық әңгімеге көшіп, есепті кездесуді екіжақты түсіністік орныққан сындарлы әңгімеге айналдырды. Залдағы қауымды артық ауыз сөзбен жалықтырған жоқ. Өңірдің экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан дамыту бағытында биылғы жылы іске асқан жұмыстарға ғана шолу жасады. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы күндері атқарылатын жұмыстар ауқымды. Ол жөнінде де келешектегі жоспарларымен бөлісті.
Бір байқағанымыз, әкім баяндамасында сылдыр сөз жоқ, нәтижелі істер бар. Құрғақ уәде, бос сөзден аулақ. Есеп пен жоспар астарында үміт пен сенім бар. Осы жақтары көпшіліктің үмітін оятып, сеніміне серпін берді. Жалпы, кездесу еркін форматта өтті. Аудан әкімі қойылған сауалдарға жалтармасыз, нақты жауаптар қайтарып отырды. Сауал қоюшылар қатарында Мибұлақ, Байқоңыр, Қоскөл, Шеңбер, Терісаққан, Ұлытау ауылдарынан бірқатар азаматтар болды. Олар көптің көкейінде жүрген ұсыныс-тілектерін жеткізіп, орнықты сұрақ қойды. Қойылған сауалдар – ауылдағы медициналық нысандардың құрылысын аяқтау, электр энергиясы, жол мәселесі, шаруаларға субсидия бөлу, аудандағы кәріз жүйесі туралы болды.
Айта кетерлігі, сауал аясында жеке бастың қамын күйттеген сұрақтар болған жоқ. Сұрақ қоюшылар ортақ мәселе төңірегінде жүйелі сөз қозғады. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар да жауапсыз қалған жоқ. Сан алуан қозғалған мәселелердің көбіне нақты дәйектер мен дәлелдерді келтіріп, аудан әкімі өзі жауап беріп отырды.
Есепті кездесуден түйгеніміз – аудан әкімінің жұмысында жүйе бар. Жүйе бар жерде нәтиже болары анық. Өйткені, Аманжол Батырбекұлының сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ. Осындай жақтары жиынға қатысушылардың көңілінен шыққан тәрізді. Оның дәлелі – жиналған жұртшылық облыс, аудан әкіміне де ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтумен болды. Бұл кездесуде билік пен бұқара арасындағы ресми емес, бүкпесіз ашық форматтағы пікір ұстанымдардың болуы жиынға қатысқан тұрғындардың да көңілінен шыққан сыңайлы. Осылай болса екен деген жеке пікір-ұсыныстар да елеусіз қалмады. Неғұрлым тұрғындардың тілегі ескерілді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау ауданы қол жеткізген табыстарымен шектеліп қалмайтындығын айтып, саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан одан әрі дами түсетініне сендірді. Аудан тұрғындарын бұл бағытта ұйымдаса жұмыс жасап, бірлесе белсенділік танытуға шақырды.
Жиын аяқталған соң, облыс басшысы 5 азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.