Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту шараларын жүзеге асыру мәселелері туралы баяндама жасады.
Қауіпсіздік Кеңесі мемлекеттің әскери әлеуетін арттыруға байланысты ұсынылған тәсілдер және армияны заманауи қарумен, әскери техникамен, соның ішінде отандық қорғаныс кешені кәсіпорындары шығарған өнімдермен жарақтандыру бойынша тиісті шешімдер қабылдады.
Жиын соңында Президент – Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға еліміздің әскери ұйымын жетілдіру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.