Болашаққа бағдар
Болашаққа алаңдамайтын адам жоқ әрине! Әсіресе, біз секілді үлкен адам ұрпақтарының жағдайы қалай болады екен деп уайымдайды. Екі қаламыздың барлық тұрмыс-тіршілігі мыс өндірісіне тәуелді десек артық айтқандық болмас.
Ертелі-кеш мыс қоры таусылатыны анық, сол кездегі ұрпағымыздың күні не болмақ? Бұл жөнінде мен бірнеше рет жаздым да, айтып та жүрмін, үкімет басшысының бірінші орынбасары келгенде де бұл мәселені тілге тиек еттім.
Былтырғы Президенттің халыққа Жолдауында осы тұрғыда былай деп айтылған «Біз шикізатқа әлі де тәуелдіміз». Шешудің нақты жолдары: «… макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру» делінген. Әрине, бұл жобаларды іске асыру үшін көп уақытты керек етеді. Ал енді менің ойымша, бұны тездету үшін бірақ нәрсе қажет. Ол үкімет тарапынан тиісті шұғыл шаралардықабылдау.
Біздің шикізатты сыртқа шығарып жатқан мекемелерге белгілі бір шектеулер қою, квота енгізу. Мысалы шикізат ретінде біздің мысқа 500.0 мың тонна ғана шығаруға рұқсат етілсін, одан көп шығаратын болса, оған он есе көп қосымша салық төлесін. Сонда ғана шикізат шығаратын мекеме, біздің жерде әртараптандырылған экономикаға көшеді. Олар қосымша өңдеу кәсіпорындарын ашады. Кейін мыс қоры азайған шақта да біздің ұрпағымыз ол кәсіпорындарға шикізатты сырттан әкеліп жұмыс істейді.
Қазақта «Күндігін ойламаған әйелден без, жылдығын ойламаған еркектен без» деген сөз бар. Бүгін біз бір күндігімізбен жүрген сияқтымыз. Шикізатты шектен тыссатқанымыз болашағымызды ойламағанымызбен тең. Сөзімнің соңында, Президенттің соңғы Жолдауындағы көңілімізге үміт отын жағатын мына сөздерімен аяқтағым келеді. «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» делінген. «Үмітсіз тек шайтан», – дейді дана бабам. Үмітіміз ақталсын деп бір Алладан тілеймін!
Мұрат ҚАЗАМБАЕВ,
Жезқазған қаласы Ардагерлер
кеңесінің төрағасы.