Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай безендірілген пойыз жолға шықты
20 шілде күні елордадағы Нұрлы жол вокзалында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай арнайы безендірілген жолаушылар пойызы жолға аттанды. Жоба қазақ ғалымының есімін қастерлеуге бағытталған.
«Қаныш Сәтбаевтың қызметі Жезқазған қаласымен тығыз байланысты болғандықтан №65/66 «Астана-Жезқазған» бағытындағы пойыз арнайы рәсімделді. Рәсімделген пойыз күздің басына дейін күнара қатынайтын болады», деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Биыл ғалым-геолог, металлогения ғылымының және мектебінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті және академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр.