Президент Жолдауы — елдің дамуына негіз болмақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің кезекті сессиясының ашылуында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Жолдауда Ел Президенті барша халық қалаулыларына елмен етене араласып, мұң-мұқтаждарымен танысып жүргені үшін ерекше ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар жұмыстар іске асырылғанын айтқым келеді. Мысалы, келешек ұрпақты тәрбиелейтін білікті ұстаздардың жалақысы 2020 жылдан бері екі есе өсті. Ақ халатты абзал жандардың – дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсті. Қазіргі сәтте әлемде демократиялық мемлекеттерде әр азаматтың құқықтары мен бостандықтары ерекше қорғалғанын айтып өтейін. Азаматтардың саяси санасы мен құқықтық мәдениеті қалыптасқан өркениетті елдерде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнаған.
Маңыздылығы елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент –есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын орнату болып табылады. Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асырып, жалғастыра беруіміз тиіс деп санаймын. Жолдаудың мазмұны мен мәні бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құру болып табылады. Дегенмен де, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіріп жатқанын атап өтті. Бұл да ұлтымыз үшін үлкен сабақ болды деп санаймын. Сондықтан Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды!». Әр азамат отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімімен сусындап, «Адал азамат» болуы тиіс. Баршамыз берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек ететін болсақ, Отанымыз көркейіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық дегеніміз осы болары анық!
Ардақ ДОСАЕВА,
“Орынбай ауылдық округі әкімінің аппараты” ММ жетекші маманы.