Жазда неден сақтану керек?
Улану. Іш ауруы. Жарақат. Улы жəндіктердің шабуылы. Жаз маусымы күшіне енгенде осындай диагноздармен ауруханаға түсетіндер көбейеді. Олардың басым көпшілігін балалардың құрайтыны да белгілі. Бір қарағанда аты жаман кесел емес. Дегенмен бұлардың да салдары ауыр. Тіпті, өліп кету қаупі де басым.
УЛЫ ЖƏНДІКТЕР «ШЕРУІ»
Күн ысыды дегенше зейінді екі есе арттырып, өте мұқият болу керек. Себебі, жаздың аптап ыстығында пəле астынан шыға келуі əбден мүмкін. Ауыспалы емес, тура мағынасында. Əлеуметтік желілерде қарап отырсаңыз аяқ астынан зардап шегіп жатқандар жайлы оқуға болады. Мəселен, «Фейсбук» əлеуметтік желісінде 15 жастағы Бақдаулет деген баланы жылан шағып алғаны жайлы жазыпты. «Өрісте мал жайып, ойнап жүргем. Сол кезде шөп басып кеттім. Аяғым ашып кетті. Қарасам, жылан өтіп бара жатыр. Өкшемді шағып алыпты. Содан дене қызуым көтеріліп, өзімді нашар сезіндім. Басып айналып, көзім қарауытып кетті», – депті Бақдаулет дəрігерге барғанда. Жаз күшіне енгелі еліміздің əр аймағындағы емдеу мекемелеріне осы Бақдаулет сияқты бауырмен жорғалаушылардан зардап шеккен жандар жиі түсіп жатқан көрінеді. Мамандар улы жəндіктердің құрығына көбіне ойын баласы ілінетінін айтады. Сондай-ақ, табиғат аясына серуенге шыққанда да абай болу керек екенін ескертеді. «Улы жəндіктер көбіне табиғат аясында шабуыл жасайды. Тау -тасқа серуенге шыққан кезде қайғылы оқиғаға тап болмас үшін жабық киіну керек. Əсіресе аяқ киімнің жабық болуын басты назарда ұстау қажет. Ал улы жəндік не жылан шағып алған жағдайда өз-өзіңізді емдеумен айналыспаңыз. Шағып алған орынды қолмен сығудың, ауызбен сорып алып тастауға ұмтылудың мүлде қажеті жоқ. Кейбіреулер пышақты отқа ысытып сол жерге басып жатады. Бұл да қате. Ең дұрысы, жедел жəрдемге тез хабарласу керек. Ол келгенше адамды көлденең жатқызып, тыныштықта қалдыру қажет. Өйткені қозғалыс удың бүкіл денеге таралуын тездетеді», – деді ақжелеңділер.
Улы жəндіктің шабуылына ұшырағандардың арасында мұндай жағдайға өз үйлерінде тап болғандары да бар көрінеді. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде жыландардың үйге кіру оқиғасы жиілеген. Қарақұрттардың да жер үйлердің ішінен шығу фактілері тіркеліпті. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, аптап ыстықта сəкі мен сыз жерге жата салатындар көп. Немесе үйінің есігін ашып ұйықтайтындар бар. Ал қарақұрттың не жыланың болсын уы түнгі уақытта күшейеді. У денеге қас-қағым сəтте таралып, адам қатты ауырсына бастайды. Бұдан кейін денесі тырысып, аяқ-қолдары істемей қалады. Егер дер кезінде ем-домдық шара қолданылмаса адам мүгедек болып қалуы кей жағдайда өліп кетуі де мүмкін.
КЕНЕДЕН ДЕ ҚАУІП КӨП
Өңірлік қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, карантиндік жəне аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің мамандары жаз маусымында кенеден де көп қауіп бар екенін айтады. Негізінен жапа шеккендердің біраз бөлігі табиғатта демалғандар. Арасында қора-қопсысын тазалап жүріп, малын қырқып жатқанда шағылғандар да бар. Кене шаққаннан болатын ең қауіпті қатер – Қырым Қанды безгегі. Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақтары бар, вирустар арқылы берілетін, дүние жүзінде кең тараған аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. КҚГҚ ауруы вирусының айналымы үшін табиғи тіршілігінде кенелердің өсіп-өнуіне жағымды жағдайлар қалыптасқан аумақтарда тіркеледі. Сондықтан да, кене шақпасын десеңіз:
– Ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет.
– Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз жəне өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жағы т.б.) бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет;
– Дененің ашық жерлеріне жəне киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет.
Ескерту: Кене шаққан жағдайда, тез арада медициналық жəрдемге жүгіну қажет, мед. қызметкерлер кенені пинцетпен немесе жіппен байлап жайлап ырғап-ырғап шығарады. Кенені езіп өлтіруге болмайды. Медициналық көмекке жүгіннен кейін 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
КӨЗ ЖАУЫН АЛҒАН ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ
Қарбыз-қауын қылтиып шықса болды маусымдық өнімдердің бұл түріне аңсарымыздың ауатыны жасырын емес. Алайда бұл өнімдер қаншалықты сапалы һəм қауіпсіз? Олардың құрамындағы нитрат мөлшері талапқа сай ма? Қауын-қарбыз саудасының маусымы басталғалы бері улану фактілері тіркелді ме? Осы сұрақтарға рет-ретімен жауап беріп көрелік.
Маусым айы басталғаны сол еді, қала базарларында қауын-қарбыз көптеп сатыла бастады. Ерте піскен əуес асты жергілікті халық та жапатармағай сатып алып жатыр. Сатушылар ерте піскен бақша өнімдері оңтүстіктен жеткізіледі дейді. Диқандар болса тауарларын Ресейге жəне еліміздің Солтүстік өңірлеріне тасымалдап жатқандарын айтады. Алайда өнімдерді зертханалық тексерулерден өткізген мамандар ондағы нитраттың шамадан тыс екенін айтып отыр. Себебі ең жылдам піседі деген сорттардың өзі шілде айының соңына қарай бабына келеді. Ал сапалы əрі қауіпсіз қарбыз тамыз айының соңына қарай жеткізіле бастайды. Өйткені бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде пісіп, жетіледі.
Мамандардың айтуынша, қазіргі қауынның да, қарбыздың да нитраты нормадан аздап ауытқыған. Талапқа сəйкес қарбыздың құрамындағы нитрат көлемі əр килограмына шаққанда 60 миллиграмнан аспауы керек. Қазіргі өнімдерде көптеу, сондықтан шамадан көп жемеген дұрыс. Сондай-ақ қарбызды қабығына дейін жемеу керек. Себебі, нитраттардың көп мөлшері қабығына жақын жəне түбіріне қарай жиналады екен.
«Əзірге, өңірімізде қауын-қарбыз жеп, іші ауырып шағымданып келген науқас жоқ. Əйтсе де, қазір қауын-қарбыздың пісетін уақыты емес. Барлығы «дəріленген» өнімдер. Сондықтан да шамадан тыс жемеген абзал. Əсіресе балалардың жемегені дұрыс. Емізулі аналарға да жеуге кеңес бермейміз. Себебі, нитраттар сүт арқылы, баланың ішін ауыртады,- дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары. Сондай-ақ, инфекционист дəрігерлер жемістерді əсіресе алма, өрікті тұтынуда абай болу керек екенін ескертеді. «Қандайда бір жеміс-жидек немесе бақша өнімі болмасын жақсылап жуу керек. Олардан кейін су ішуге болмайды», – дейді олар.
Сонымен қатар, айран-сүт, қымыз-қымыран жəне спирттік ішімдіктерден кейін көкөніс жеуге болмайтынын айтады. Жаз мезгілінде баклажаннан жасалған тағамдарды да абайлап жеген абзал. Себебі, көкөністің бұл түрі ашып кетуге бейім.
Жадыңызда жүрсін:
Ауруыңыз астан болмасын десеңіз төмендегі ережелерді мықтап естен шығармаған жөн. Ол:
– көкөніс, жеміс-жидек тағамдарын алдын ала тазалап жуу;
– тез бұзылатын тағамдар (сүтті, ірімшік, пісірілген шұжық, аспаздық салмасы бар тағамдар) тоңазытқышта сақтау, сатып алар алдында сақтау мерзіміне қарау;
– тағамдарды дайындау кезінде мұқият болу;
– ешқашан белгіленбеген сауда орындарынан шикі жылу өңдеуге жататын өнімдерді сатып алмау; – сатып алу кезінде, үйге жеткізу жəне де шикі жəне дайын тағамдарды дайындау кезінде бөлек ыдысты пайдалану қажет.
– Бактериялар 4,4-тен 60 градус Цельсий температурасында тез көбейеді. Тағамды осы температура аралығында сақтау ұсынылмайды. Ең дұрысы – азық-түлікті тоңазытқышта сақтаңыз. Жəне тағамды 60 градустан кем емес Цельсий температурасында дайындаңыз жəне ысытыңыз. Сақтанғанды құдай сақтайды дегенді ұмытпаңыз. Денсау лығыңызға немқұрайлы қарамай аман-есен жүргейсіз!
Ізбасар ОЙБАС.