Жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету талаптары күшейтілді

Мемлекет басшысы «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды дербес заң түрінде реттейді.

Жылу энергетикасы саласының сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктерді енгізу және қолданыстағысын күшейту жолымен реттеу жүйесі жаңғыртылды.

Жылумен жабдықтау жүйелері қуаттылығына және тұтынушылардың қосымша жүктемесіне қарай орталықтандырылған, жергілікті және жеке жылумен жабдықтау жүйелері болып бөлінеді.

Тарифтік реттеу, энергия үнемдеуді қолдау, жылу энергетикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері жаңартылды.

Жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету  талаптары, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылу энергиясы көздерін пайдаланудан шығару шарттары белгіленді.