“МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ” БАЙҚАУЫ: Жеңімпаз және жүлдегерлер марапатталды

Ұлытау ауданы орталығында отбасы құндылықтарын дәріптеген, шаңырақтың шырайын кіргізіп, түтінін түзу ұшырған өнегелі отбасылар марапат биігінен көрінді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық деңгейдегі іріктеу кезеңіне қатысқан үлгілі отбасылардың қатары биыл тағы да толығып, «Сапар орталығында» жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанаты өтті.

Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов мерейі өскен жандарды құттықтап, бірлікті берік ұстанған, берекені еңбектен тапқан әулеттерге құрмет көрсетті.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шеңберлік Болтаевтар отбасы, сарысулық Рысбековтер отбасы және Байқоңыр ауылынан Молдабергеновтер отбасы жүлделі ІІІ орынды, Ұлытау ауылынан қатысқан Смағұловтар әулеті мен Шеңбер ауылының Омаровтар әулеті ІІ орынды иеленді. Қоскөл ауылынан келген Сыздықовтар отбасы І орын иеленсе, Мибұлақ ауылынан келген Қыдырпатшаевтар отбасы Бас жүлдеге лайық деп танылды.

Байқауда жеңімпаз атанған отбасының мәуелі бәйтерегі – Қыдырпатшаев Оразанбай Жетіқоңыр совхозында аға шопан болған. Қой бағудағы жетістіктері үшін «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Алтын, Күміс медалінің иегері. «Тезекбай» жеке шаруа қожалығының негізін қалаушы. Зайыбы Зейнелхан екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірген. 7 баладан 35 немере, 28 шөбере сүйіп отырған абыз ақсақал. Қазіргі таңда әулетте 3 педагог, 10 шахтер, 7 экономист, 1 психолог, 2 кәсіпкер, 2 бухгалтер, 1 аудармашы, 2 эколог, 3 ата кәсіпті жалғастырушы, 2 дәрігер, 1 болашақ заңгер бар. Әке жолын қазіргі таңда ұлы Азатбек жалғастырып келеді.
Байқаудың аудандық кезеңінде І орынға және Бас жүлдеге ие болған отбасылардың құжаттары облыстық кезеңге жолданады.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.