Облыста Билер Кеңесі құрылды

Билер кеңесі көшпенді қазақ халқының қоғамында маңызды мəселелерді шешетін органдардың бірі болғаны тарихтан мəлім. Билер ол уақытта жекелеген мəселелер бойынша тиісті шешім қабылдап қана қоймай, бір мезгілде сот, прокуратура жəне адвокаттың қызметін атқарып, əділдіктің үстемдік құруына ұйтқы болған. Міне, осындай ауқымды істерді атқаруға мұрындық болатын бірегей институт – Билер Кеңесі біздің облысымызда да құрылды.

Тағы да кəрі тарихқа жүгінер болсақ, заманында билердің шешімінің əділдігіне ешкім күмəн келтірмеген жəне оған қатысты тиісті үкім сол сəтте орындалатын болған. Сондықтан да халық қандай да бір заңсыз əрекетке барудан қаймыққан. Өйткені ақсақалдар оған қатысты қандай да бір қатаң шешім шығаратын болса сол сəтте жүзеге асады. Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде əділеттікті сақтау мен құқықтық қарым-қатынастарды дамытуда өзіндік ықпалы болған осы үрдісті жалғастыру мақсатында Ұлытау облысында Билер Кеңесі құрылды.
Билер Кеңесінің негізгі міндеті – елдегі дау-дамайдың бетін қайтару, қалыптасқан ахуалды тұрақтандыру, қазақ билерінің дауды шешудегі бай тəжірибесін қолдана отырып, қоғамдық бірлікті, ұлтаралық татулықты, халқымыздың салт-дəстүрі мен мəдениетін сақтау, əлеуметтік, діни жəне өзге де дау-жанжалдарды шешуге қатысу жəне тағы да басқа мақсаттарды көздейді.
Билер кеңесін құрған алқалы жиында Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов, Ұлытау облысы сотының төрағасы Қайрат Адранов, Ұлытау облысы Ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов сөз алып, орамды ойларын ортаға салды. Одан кейін Билер Кеңесінің мүшелеріне төсбелгілер тағылып, олар ант қабылдады.
Жиында облыста билер кеңесінің құрылуына сеп болған бірқатар азаматтарды Жезқазған қаласының əкімі Қайрат Шайжанов Алғыс хатпен марапаттады.

Аманкелді АҚШАЛ.