МӘМС ЖАРНАСЫН ТӨЛЕУДЕН БОСАТЫЛҒАНДАР: КІМДЕР?

Көпшілік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна мен аударымнан босатылған тұлғалар жайында біле бермейді. Кейбірі 4-5 баласы бар көп балалы аналар автоматты түрде сақтандырылған деп жаңылысады. Сондықтан, бүгін біз «МӘМС-ке жарна төлеуден кімдер босатылған?», «Жеңілдікке ие 15 санат қатарында болу үшін қайда жүгіну керек?» деген сұрақтарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы мамандарынан түсініктеме алдық.

Жеңілдігі бар азаматтар «сақтандырылған» мәртебесіне ие және оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызмет тегін көрсетіледі.
Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдікке ие 15 санат қатарына: 18 жасқа дейінгі балалар; жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 3 жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін аналар; жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар; мүгедек баланы күтіп-бағатын, жұмыс істемейтін адамдар; бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар; зейнеткерлер; қылмыстық-атқару жүйесінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқандар; тергеу изоляторларындағы адамдар; жұмыс істемейтін қандастар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ
I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері; мүгедектер; күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар жатады.
Егер сіз осы 15 санаттың біріне кірсеңіз, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруыңыз керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға жолданып, тиісті шаралардан соң сізге «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі және сіз үшін мемлекет жарна төлейді.
Сақтандыру мәртебесін fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы «SaqtandyryBot» байланыс арналары арқылы тексеруге болады.
Ұлытау облысында жеңілдік санатына 124 мыңнан аса тұрғын енген.

Өз тілшімізден.