ЖАҢААРҚАДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІН ЖАҢАРТУ ЖОБАСЫ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Нәтижесінде, аймақта ұзақ жылдан бері қордаланып келе жатқан тоқ мәселесі кезең-кезеңімен шешілмек. Күрделі жоба – 2026 жылға дейін жалғасады. «УниверсалСтройСервис» ЖШС атқаратын жұмыстар Жаңаарқа кенті мен Ералиев ауылын қамтиды.

Аталған жұмыстарға электр тіректерін айырбастау, тоқ желілерін жаңадан жүргізу кіреді. Қазіргі таңда тіректердің 1200-і жеткізілді, оның 350-і орнатылды. Жоба бойынша 28 қосалқы станса орнату көзделген. Биыл оның 7-еуі ауыстырылады.

Ұлытау облысы әкімінің Жаңаарқа ауданына жұмыс сапары барысында ескі тіректерді жарамсыз етіп тастамауды, тоқ сымдарының сапасын, қалыңдығын жобаға сай техникалық қадағалауда ұстауды тапсырды.