Cу тасқыны салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жөнінде Мемлекет басшысына есеп берілді
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің баяндамасына сәйкес, 26 мыңнан астам отбасына 100 АЕК мөлшерінде бірреттік төлем беру үшін 10 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген (барлығы 32655 өтініш түсті). Бұл жұмыстар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай, Ұлытау облыстарында толықтай аяқталды.
Солтүстік Қазақстан облысында бірреттік қаржылай көмекті 6090, Қостанай облысында 4085, Атырау облысында 3730 отбасы алған.
Баспаналары қираған 239 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге қоныстанған.
Өңірлерде 873 жаңа үйдің құрылысы жүріп жатыр. Қазірге дейін 891 отбасыға үйлерін жөндеу және қалпына келтіру шығындары үшін жалпы сомасы 1,9 млрд теңге көлемінде өтемақы төленген.
Жалпы, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда 11137 тұрғын үй тексеріліп, 7863 нысанды бағалау жұмыстары аяқталған.
Зардап шеккен тұрғындарға аса қажет дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленіп жатыр. Сондай-ақ өлген малдың өтеуі үшін мемлекеттен бөлінген қаржылай көмектің көлемі 1,3 миллиард теңгеден асқан.