Құрметті жерлестер!
Сіздерді мемлекетіміздің айбынды мерекесі – 7 Мамыр Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 32 жыл бұрын, 1992 жылғы 7 мамырда Ұлттық Қорғаныс Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Сол уақыттан бері бұл күн Отан үшін қалтқысыз қызмет ететін рухы мықты, ержүрек азаматтардың мерекесіне айналды. Қасиетті атамекенімізді қорғауды кәсібіне айналдырған біздің жауынгерлеріміз бен офицерлеріміз – патриотизмі мен ерлігі, өз мамандықтарына деген сүйіспеншілігі үшін құрмет пен даңққа лайық!
Ұлтаралық келісім мен тұрақтылық және достық пен ынтымақтастықтың үлкен шаңырағы – Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің қауіпсіздігіне және оны мекендеген ұлттар мен ұлыстардың бейбіт өміріне егемен еліміздің қорғаныс күштері кепіл болады.
Қадірменді Отан қорғаушылар!
Бейбіт өміріміздің сақшылары – өздеріңіз. Айтулы мерекеде дендеріңізге саулық, мықты ерік-жігер, қажымас қайрат, таусылмас бақыт тілеймін. Татулық орнаған Отанымыздың көк аспаны әрқашан ашық болсын, отбасыларыңызда ырыс-береке орнасын.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.