ПЕДАГОГТЕР МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТЕН ҚАҒЫЛМАСЫН ДЕСЕК…

Былтыр 56 күндік еңбек демалысына шығып, МӘМС жүйесіндегі мәртебесінен айрылған ұстаздар мен тәрбиешілердің мәселесі биыл оң шешімін тапты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 478 бұйрығына 2024 жылдың 8 сәуірінде енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жұмыс берушіге МӘМС аударымдары мен жарналарын кезеңдерге бөліп, аударуды міндеттеді. Осы жаңашылдықты әр бухгалтерге жеткізу мақсатында Әлеуметтік медииналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы білім және тәрбие, сондай-ақ кәсіптік білім беру нысан басшыларын жинады.

Жиналғандарға филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің жетекшісі Диана Оразалина түсініктеме берді.
– Өзіңізге мәлім, 2020 жылдан бастап халыққа медициналық көмек көрсету қызметтері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүргізілуде. Сақтандырылмаған аза¬мат¬тарға шұғыл жағ¬дай¬ларда медициналық көмек, учаскелік ма¬манның қабылдауы мен шұғыл операциялар жасалы, әлеуметтік мәні бар аурулардан емдеу ғана қолжетімді. Ауруларды алдын алу, бейінді мамандардың кеңестері мен консультативті-диагноистикалық талдаулар, жоспарлы медициналық көмек пен оңалту тек сақтандырылған азаматтарға көрсетіледі. Өткен жылы өкінішке қарай, облыс педагогтері осы мәселемен бетпе-бет келді. «Медициналық көмек ала алмай жатырмыз» деп Қорға шағым түсіргендердің саны 100-ден асты, — деген спикер ұзақтығы бір немесе бір күнтізбелік айдан асатын ақылы еңбек демалысы кезеңін қамтитын табысты есептеу кезінде аударымдар мен жарналар демалыс күндерінің санына есептелген айлар бойынша бөлініп, демалыс кезеңін қамтитын табыстың біржолғы есептелген сомасынан аударылатынын айтты.
Мысалмен айтар болсақ, еңбек демалысы 1 шілдеден 25 тамызға дейін (56 күн) делік. МӘМС жарналары мен аударымдарын шілденің 31 күні мен тамыздың 25 күніне есептелген кірістен төлеу қажет. Яғни, шілденің табысынан ұсталған жарна мен аударым шілдеге, тамыздың табысынан ұсталған жарна мен аударым тамыз айына түсуі қажет.
Есептелген аударымдар және жарналар кейіннен «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қордың шотына аудару үшін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аударылады.
Жиын барысында жарна мен аударымдарды аударудың үйреншікті әдісінен алыстағысы келмеген есепшілер де табылды. Жаңалықты жатсынғандарға Ұлытау облысының білім басқармасының ұйымдастыруымен «1С: Бухгалтерия» бағдарламасының өкілдері қосымша түсіндірме жұмысын жүргізді. Білім және тәрбие нысандарында МӘМС жарналары мен аударымдарының дұрыс әрі уақытылы аударылуын қамтамасыз ету әр мекеме басшысына жекелей жүктелгені тағы бар.
Ендеше, ұлытаулық ұстаздар мен тәрбиешілер алдағы күні еңбек демалысына шығамын деп медициналық көмектен қағылмайтынына сенім мол.

Өз тілшімізден.