БИЫЛ АМАНГЕЛДІГЕ БАРАР 10 ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

Оның ішінде елдімекенге кіреберіс жолдың су шайып кеткен тұсын қалыпқа келтіру жұмыстары да бар.

«Жолды жөндеу, қалыпқа келтіріп, асфальт төсеу жұмыстары кезінде су өткізу құбырының санын көбейту қажет. Бұл — келесі су тасқыны кезеңінде жолдың тағы да шайылып кетуіне тосқауыл болады» – осылай деп бүгін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау ауданына барған жұмыс сапарында тапсырма берді. Амангелді елдімекеніне кіреберіс жолдың су тасқынынан зардап шеккен тұсын бақылаған өңір басшысы жерді қыру, тегістеу жұмыстарын қазірден бастау міндетін жүктеді.

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта аталған жолдың су тасуы салдарынан бүлінген тұстарын анықтау жұмыстары жүргізілген, жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Осы аптада мердігер анықталады, ал жолды қалыпқа келтіру жұмыстары осы айда басталады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Амангелді елдімекеніне автокөліктердің қатынауына кедергі жоқ.