Наурыз тойы тойланды
Аудан орталығында Ұлыстың ұлы күнін ерекше сəн-салтанатымен қарсы алды. Наурыз мейрамы заманға сай жаңашыл сипаттағы болмысымен ерекшеленді. Осы айдың 14-нен басталған той ұлан-асыр мерекелік думанға айналып наурыздың 22-сі күні орталық алаңда қорытындыланды.
Мерекелік думан ұлттық мейрамымызды ұлықтап қана қоймай, нұрлы көктемнің жылуын шынайы сездіргендей болды. Мұз құрсанған дала бусанып, əз Наурыздың жаңа күні айналаға шуағын төге бастады. Күн шуағына халықтың көңіл шуағы астасып, мейманасы тасыған елге шаттық шуағын сыйлағандай болды. Əсем киінген жұрт кездескен бетте бір-бірімен құшақ қауыша көрісіп, жадырай құшақтасып жатты. Жасы да, жасамысы да мəз.
Мереке мерейін шығаруға, көпшілік көңілін табуға бағытталған мəдени шара əдеттегідей орталық алаңда театрландырылған көрініспен басталды. Осынау мерекеде алдағы күннен тек үміт күтіп, жақсы тілек тілейтін жұртшылық бұл жолы да сол əдетінен жаңылмады. Сахнада дəстүріміз дəріптеліп, ғұрпымыз ұлықталды. Ұлттық жөн-жоралғылар жасалды. Əуелі Қыдыр ата бата берді. Сонан соң ақжаулықты əжелер шашу шашып, мерекенің көрігін қыздыра түсті. Театрландырылған қойылымда əжелер барлық жөн-жоралғыны көрсетіп, бесікке салу, тұсаукесер əдептерін алға тартты. Екінші бөлімінде құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату тойы əспеттелді. Мұнымен қоса, ұлттық киім киген қыз-жігіттер бар сəн-салтанатымен қазақы ырым-жоралғыны жақсы көрсетті. Қариялар бата беріп, келер күнге тек тыныштық тілеп, бірлігі мен берекесі артқан елдің ізгілікке толы мерекесі көп бола берсін деген игі тілегін жеткізді. Мерекені айшықты дəстүрмен қарсы алуға машықтанған өнерпаздар осы тұста да көгілдір көктемнің көрікті жырын жырлап жатты. Осылайша өнерлі өнерпаздар мазмұны мен мағынасы бай қойылым жасап, тойшыл қауымның бойына ұлттық рухты оятатын ұтқыр əрекет жасай білді.
Күн арқан бойы көтерілгенде тойға жиналған жұртшылықты аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек Жандарбеков құттықтады. Қалың қауымға толайым табыс, жарасымды тірлік тіледі.
Бұдан кейін мейрам ажарын əншілер аша түсті. Жергілікті өнерпаздар көрермен қауымға концерттік бағдарламасын ұсынды. Мəні мен сəні келіскен думан жұрт көңілін одан əрмен асқақтатып əкетті. Əсем əн қалықтап, əуезді күй күмбірледі. Ұлытау көгін қазақы рух кернеді. Көктемнің керім мерекесінің сəні əншілердің асқақ үнімен астасып жатты. Арасында жыр төгіліп, би тербеді. Сөйтіп, той қызығы күні бойы үзілген жоқ. Ақбоз үйлерді аралап, түрлі астан дəм татқан жұрттың қарасы қалың болды бұл күні.
Мерекелік шара барысында ұлттық құндылықтарымыз кеңінен көрініс тапты. Алтыбақан аясындағы əн думан өзінше бір бөлек. Ол жерде де жастар мерекенің көрігін қыздырып, халық əндерін шырқады. Үлкендерден бата алған жас балалар үй маңында асық ойнап мəре-сəре. Əсіресе, жас құрақтай өсіп келе жатқан балалардың наурыз дəстүріне деген сүйіспеншілігі көңіл қуантты. Ал əсем безендірілген киіз үйлерді текемет, түскиіз, сырмақтар көріктендірсе, дастархан мəзірін ұлттық тағамдар келтірді. Құрт пен ірімшік, шелпек, бауырсақ, түрлі тəттілер, ас атасы нан тағамдарының түрі, наурызкөженің молдығы дайындаған адамдардың шынайы ықыласы екендігін көрсетті. Бұл күні кез-келген адамға наурызкөже мен бауырсақ тегін таратылды. Абай көшесі бойында қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлер де ерекше көрік беріп тұрды. Бейнебір қазақ ауылы көшіп келгендей əсер қалдырғаны анық. Ұзыннан ұзақ сап түзеген үйлердің əрқайсысы «мен мұндалап» қонақ шақырып тұрғандай көрінді адамға. Əр үйге сəлем бере келген мейманды, қонақ күтушілер меймандос көңілмен қарсы алып төрге оздырып жатты. Қонақтар да үй иелеріне алғыстарын жаудырып, риза болысты. Ықылас көрсететін реті де бар. Мекеме қызметкерлері қазақы əдеппен қонақжайлық танытты. Киіз үй іші де ою-өрнекпен əсем безендірілген, наурыз тойына көрік қосып тұр. Қонақ күтуге қолайлы болды. Төрден есікке дейін төрт үстел қойылған. Үстел басында молшылық пен берекенің лебі есіп, өткенге салауат айтып, келер күнге үміт артқан қариялардың əппақ тілектері ақтарылып жатты.
Алаңның екінші бөлігінде, ұлттық спорт түрінен ойындар ойнатылды. Алуан түрлі спорттық бəсекелер қатысушылардың қайрат-жігерін паш етіп, спортқа деген ынтасын арттыра түсті. Білектілер кір тасын көтеріп мықтылығын танытса, енді бірі қол күреске шығып күш сынасты. Əсіресе, аударыспақ, арқан тарту, садақ ату, қой көтеру сияқты ойындар көпшіліктің делебесін қоздырды. Бұл сайысқа білек сыбанған мықтылар өзара бəсекеге түсіп, бақ сынасты. Нəтижесінде күш сынасқан командалар мен жекеленген азаматтар марапаттарға ие болды. Тойдың қызығы ұлытаулықтардың көңіл-күйін асқақтатып, алдағы күнге үмітпен қарап, келер наурызға аман-есен жетейік деген тілекпен ұштасып жатты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.