Олжас Бектенов: Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту
Премьер-Министр Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады.
ТЖМ деректері бойынша әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн м3 астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы жұмылдырылды.
«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас Прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды» , — деді Үкімет басшысы.