ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ӘЗ-НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

Ұлыстың Ұлы күні 70 жылдық тарихы бар Жезқазған қаласының халқы мен қонақтары мерекелік көңіл-күйде орталық алаңға жиналды.

«Қош келдің, әз-Наурыз» мерекелік іс-шарасының көш-керуені Алашахан даңғылының бойымен қозғалып, жиналғандарға ықылас танытты.

Береке-бірліктің мейрамында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, іс-шара қонақтары ҚР Сенатының депутаты Советбек Медебаев, ҚР Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин жұртшылықты шуақты күнмен құттықтады.

Наурыз мерекесінің құрметіне орай облыс тұрғындарына қуаныш сыйлау мақсатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова, «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі, эстрада әншісі, жерлесіміз Қуандық Рахым арнайы келді.

Іс-шарада үздік киіз үй иелері де анықталып, қаржылай сыйға ие болды.