Асық – асыл қазына

Қадым заманнан ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз кейінгі уақытта жаңғыру үстінде. Солардың бірі – ұлттық ойындарымыз оның ішінде асық ойындары. Соңғы жылдарда кенжелеп қалса да, бүгінгі күні қайта қолға алына бастады. Оның айғағы Ұлытау ауданында да «Асық ойыны» үйірмесі ашылғанына жеті айдай уақыт болды. Қазір үйірмеге 35 бала тұрақты қатысуда.

Бұл спорт түрінің адамға пайдасы зор. Баланың ой-қабілетін шыңдап, көз мергендікке, қол мергендікке үйретеді. Қол қимыл моторикасын дамытады. Сонымен қоса, балаларды дəлдікке, ептілікке, алғырлыққа тəрбиелейді. Ұжымдық тіл табысу мəдениетін қалыптастырады. Аталған үйірме Ұлытау ауданында да өз нəтижесін бере бастады. Ашылғанына аз уақыт болса да үйірмеге қатысушылар жүлделі орындардан табылып келеді. Жақында облыстық чемпионатта Ұлытау ауданы атынан қатысқан Темірлан Айдосұлы, Амандық Бекжан, Нұрасыл Кəрім, Құралай Совет, Кəусар Тілеубай, Айшолпан Ғайыпбай, Аяулым Əйтен, Балайым Тұрғанбек дүбірлі додада көзге түсіп, алдыңғы саптан көрінді. Сондағы жетістіктерінің қорытындысымен бұл жеткіншектер республикалық чемпионатқа жолдама алды. Одан кейін Ұлытау облысының ұлттық мектеп лигасы Жаңаарқа ауданында өтіп, оған да осы жасөспірімдер қатысып келді. Тартыс бəсекеде кіл мықты деген жеткіншектер іріктеліп, ойын алаңында бақ сынасқан болатын. Командалық есепте Ұлытау ауданының командасы екінші орынды иеленіп қайтты. Ал, Елордада өткен ашық чемпионатта ұлытаулықтар Астана командасын айқын басымдықпен ұтып, Байқоңыр командасымен тең дəрежеде ойын өрнегін көрсетті. Енді алдағы 22 наурызда жас спортшылар «Бес асық» сайысы бойынша Ақтау қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына қатыспақшы.
Жасөспірімдердің бапкері Бекжан Қабжанов. Торғай өңірінің тумасы. Ұлытау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің əдіскері, «Асық ойыны» үйірмесінің жетекшісі. Былай қарағанда, Бекжанның өзі де осал жан емес, мықты спортшы. Қазақстан Республикасының «Асық ату» федерациясының мүшесі.

Жуырда ғана Астана қаласында өткен мұғалімдер мен жаттықтырушылар арасындағы республикалық турнирде екінші орын алып келді. Бұған дейін де республикалық жарыстарға қатысып, облыс қоржынына олжа салып жүрген азамат. Ол өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, аудандық спорт мектебінде қызметте. Аз ғана уақыт аралығында шəкірттерін биік белестерден көрсете алды. Бүгінгі күні оның шəкірттері облыстық деңгейден асып, республикалық додаларға қатысуға жолдама алып отыр. Бұл – сөзсіз, Бекжанның еңбегі. Оның еңбегінің нəтижесі. Алдағы уақытта да Бекжан Əлімжанұлы асық ойынына деген жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру мақсатында үйірме жұмысын алға қарай дамыта бермек.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.