ШАРУАЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Қазіргі уақытта облыстық бюджеттен жемшөпті субсидиялауға және астық жем қорын құруға 200 млн теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков өңірде орын алып жатқан мәселеге байланысты Жаңаарқа ауданына барды. Сапар барысында мал азығы және мал өлімі мәселелері талқыланды, сондай-ақ шаруа қожалықтары иелерімен («Азат» ШҚ, «Сұлтан» ШҚ және «Ақ-жол» ШҚ) кездесу ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда фермерлер өлген жануарлардың ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында тіркелмегенін растап отыр.

Сондай-ақ әкім орынбасары Жаңаарқа ауданының жұртшылығымен кездесті. Жиында малды сақтандыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ мал басын базаға тіркеу қажеттілігі түсіндірілді.

Бұдан бөлек Д.Рыспеков «Зергер-агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне барды. Оның құрылтайшысы Аграрлық несие корпорациясына 220 млн теңге көлемінде несие алуға өтінім берді. Бүгінгі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмысы жүргізілуде.