Әке – тәрбие бастауы

Аудан орталығындағы іргелі білім ордасы №1 мектептің акт залында Алғыс айту күніне орай, «Əке – тəрбие тамыры» тақырыбында алдыңғы толқын ағалармен кездесу өтті. Аталған шара «АMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Əсерлі кездесуде «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Жұманов сөз сөйлеп, маңызды кездесудің мəнін түсіндірді. Тағылымды шараға аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайдарбек Ержанов, полиция ардагері Қанат Бапов, аудандық «Ұлытау» газеті бас редакторының орынбасары Қайрат Кенжекұлы қатысып, оқушылармен өзекті тақырып аясында ой бөлісті.
– Адамзат баласы үшін дүние есігін ашқан сəттен бастап, өзіне жақын адамдарының жанында болады. Ол – отбасы. Сол отбасының тірегі – əке. Ал ана – үй ішіндегі атмосфера. Жылылық анадан дариды. Əке қатал болып көрінгенімен, əркез балаға пейілі жұмсақ. «Əке көрген оқ жонар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Əке тəрбиесін алған азаматты айтқан. Əкенің арманы – баланы жан-жақты тəрбиелеу, оның қанатын қатайтып, үлкен өмірге абыроймен аттандыру. Осы жолы да əкелер аянбай еңбек етеді. Сондықтан, бүгінгі қоғамда əкеге деген құрмет жоғары болуы керек. Өйткені, бəріміз əке тəрбиесін алдық. Осы күнге дейін əкемізден алған тəлімді азық етіп келеміз. Əке тəрбиесі ұлтқа да, ұрпаққа да азық. Бала үшін əке деген ұлы есім. Əрдайым əке мен бала арасындағы сыйластық пен сенім тығыз байланыста болғаны дұрыс, — деді Хайдарбек Ержанов.

– Нақтылап айтқанда, əке ұрпақ иесі, отбасының айбарлы асыраушысы, һəм тəрбиешісі. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасының ғана емес, үлкен-кішіге бірдей қамқор азамат болуға тиіс. Қазақтың дəстүрінде əр ұрпақ өзінің əкеге деген құрметін шын пейілімен, ризалық ісімен ғана өтей алады. Əкеге бағыну – ол қадым заманнан келе жатқан бабалар дəстүрі. Əкені – ренжіту күнə, ол өмірдегі тəжірибесіздіктің белгісі. Ең бастысы, əке – отбасының тірегі сондықтан, əкеге құрмет көрсетуді əркез ұмытпағанымыз абзал, — деді Қанат Бапов.
Осылайша, түйдек-түйдек ой өрбіткен ардақты əкелер əңгіме барысында əкенің қоғамдағы рөлін ұлағатты сөзбен айшықтап кең тұрғыда əңгімелеп берді.
Мəнді басқосуды түйіндеген «АMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Жұманов шараның ашық диалог форматында өткенін айтып, партия атынан жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.