Шалғай ауылдар мәселесі – назарда

Жуырда аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ халықтың жағдайымен танысу үшін Терісаққан жəне Шеңбер ауылдарына арнайы барды. Кездесуге аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, мекеме, бөлім басшылары жəне ауыл тұрғындары қатысты.

«Терісаққан мен Шеңбер ауылдары бір-бірімен іргелес жатқан, қысқы маусымда жол қатынасы ауыр ауылдар. Шалғай елді мекендерінде мал кəсібін жүргізіп отырған шаруа қожалықтары бар. Аталған ауылдардағы мəселелер біздің үнемі жіті назарымызда. Сонда да қыс маусымында арнайы сапарлап, ағайынның қал-жағдайын көзбен көріп, мұң-мұқтажын өз ауыздарынан естуді жөн көрдім», — деді аудан басшысы.
Аталған ауылдық округтерде шешуді қажет ететін ортақ мəселелер бар. Ауыл тұрғындары жер, электр желісі, байланыс, жолға қатысты сұрақтарды көтеріп, аудан басшысы тарапынан бұл мəселелер бойынша былтырғы жылдан бері қолға алынған жұмыстар мен биылғы жылға жоспарланған нақты атқарылатын істерді тізбектеп өтті.

Сонымен қатар халықпен кездесуде аудан басшысы əрдайым халыққа ашық екенін, кез-келген уақытта тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түретінін, түйткілді мəселелерді халықпен бірлесе шешуге əрқашан дайын екенін атап өтті.
Жиыннан кейін аудан басшысы ауылдағы əлеуметтік нысандарды аралап, жылу қазандықтарының жұмысымен танысты. Жылу маусымында жүйелі жұмыс жүргізіп, қалыпты жағдайды ұстап тұруды ауылдық округ əкіміне, жауапты басшыларға қатаң тапсырды.

Ұлытау ауданы əкімінің баспасөз қызметі.