Бала құқығын қорғау – бәрінен маңызды

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева Жезқазған қаласында патронаттық тәрбиедегі жасөспірімдердің құқығын қорғау мәселесі бойынша кеңес өткізді.  

2024 жылдың қаңтар айында балалардың құқықтарының қорғалуына мониторинг жасау мақсатында облыстағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған және патронаттық тәрбиедегі 223 тәрбиеленушінің тұрғынжайына жоспарлы рейд жүргізілген болатын.

Рейд барысында Жезқазған қаласы білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық бойынша бас маманы, жергілікті полиция инспекторы патронаттық тәрбиедегі үш тәрбиеленушінің құқығы бұзылғанын анықтап, құзырлы органдарға жедел ақпарат берді. Тәрбиеленушілер дереу  М.Құлұшева атындағы балаларды қолдау орталығына орналастырылды және Жезқазған қаласының полиция басқармасында қылмыстық іс тіркелді.

Аталған мәселе бойынша 2024 жылдың 17 ақпанында ҚР Бала құқығы жөніндегі уәкілі Динара Закиева үш тәрбиеленушімен жеке әңгімелесті және Жезқазған қаласында жедел кеңес өткізді. Кеңеске Ұлытау облысы әкімдігінің, облыстық прокуратураның, полиция департаментінің лауазымды тұлғалары, және облыстық мәслихат депутаты қатысты.
Балалар омбудсмені Динара Болатқызы қорғаншылық және қамқоршылық бойынша жауапты мамандардың, құзырлы органдардың қылмыстық іске қатысты ақпараттарын тыңдап, тәрбиеленушілердің құқықтарының қорғалуына жауапкершілікпен қарауды тапсырды және мәселені тікелей бақылау жасайтынын айтты.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың зорлық-зомбылыққа, қиын өмір жағдайына тап болу фактісіне куә болған тұрғындарды +7 707 5252 150 байланыс телефонына хабарласуын сұраймыз.