Жан-жақты тұлғаны тәрбиелеу арқылы жауапты азаматты қалыптастыру

Адам туылғаннан тұлға болып туылмайды, ол тек тәрбие беру процесінде қалыптасады деген көзқараспен жұртшылық толығымен келіседі. Қазіргі кезде біліммен қатар тәрбие мәселесі өте өзекті мәселе болып отыр. Барлық нәрсе тәрбиеден басталады. Әл-Фараби бабамыздың қанатты нақыл сөзі бар: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», яғни, бұдан ол екеуі бір-біріне өте мұқтаж салалар екенін көреміз. Тәрбие деген не? Тәрбие – ол жалпы адамдық ішкі жан дүниені көркейту, дамыту, бейімдеу, әдептілік, мәдениеттілік қағидаларын адамға дарыту, енгізу.

«Үйренем, талабымды ұштаймын» деген балаға қашанда жол ашық десек те, толассыз ақпарат заманында ненің асыл, ненің жасық екенін айырып тура жол сілтеудің маңызы бөлек. Баланың бойында әртүрлі қабілеттер болады. Ұстаздың, ата-ананың міндеті баланы соған қарай бағыттау, бейімдеу. Бала бойындағы қабілетті ашып, өнерін өрістету – заман талабы, ұл-қыздарымыздың болашағы жарқын болсын десек, жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Кейде қоғамда биік мансапқа жеткен адамдар болады, «Ой, Бәленшеев! Түгеншеев!» деп айтып жатамыз, бірақ сол адамның кейде төңірегіне, айналасына түк пайдасы тимей жатады. Не туған-туысқанына оның саясы түспей жатады, неге ол сондай бәйтерек болып биіктесе де, оның жемісін жақындары жей алмайды. Ал керісінше – бір адамдар болады мысалы, тарихтағы Төле би, Айтеке би, Қазбек би, кешегі Б.Момышұлы, Д.Қонаевқа қарасақ, дүниеден өтіп кетсе дағы, адамдар соларды аузынан тастамай жүр, әлі күнге дейін рухани жемісін жеп жатыр. Осы нәрсеге бір сәт ой жүгіртіп қарасаң мынадан келіп шығады екен: біз көбінде адамның тұлғасына, атақ- абыройына, даңқ-дәрежесіне қарап бағалаймыз, бірақ оның тамыры қайда жатыр, тамыры неден нәр алды, нәр алып тұр ма әлде жоқ па, сол нәрсеге мән бермейміз. Ал сол адамның тамыры не нәрсе екен деп үңілетін болсақ – ол оның балалық шағы, тамыры – оның әке-шешесі, туыс-туғаны, көрші-қолаңы, балалық шағындағы дос-жараны, осы бала кезінде немесе өскен ортасында әке-шешесінің ақ батасын алған бала, туған-туысқанның ризашылығына бөленген бала, көршісінің жұмсағанына барып, ағаларын риза қылып, інілерін құрметтеген аға – ертең бәйтерек сияқты биіктеп, қоғамда тұлғасы көрінген кезде де, ол жұртқа жемісін шашатын жай бәйтерек емес, мәуелі, саялы жеміс ағашына айналады.
Қоғамда әр адам өзін бір тұлға қылып қалыптастырғысы келеді, өзінің айтар ойы, жеткізетін қасиеттері, немесе өзіндік ерекшеліктері болатын болса, сол арқылы танылғысы келеді. Өз орныңды анықтау үшін қоғамдағы кейбір мәселеге өзіңнің пікіріңді айтып және сөзің елену үшін де сенің тұлға болып қалыптасуың аса маңызды. Тұлға деген кім? Әр адам өзін бір тұлға болып қалыптасу үшін не істеу керек, ол қай кезден басталады? Қазіргі таңда тұлға деп кімдерді айтамыз? Бұған дейін тұлға кімдер еді? Біз көбінесе Абайды ұстаз қыламыз, Алаш қайраткерлерін үлгі тұтамыз, солардың жолымен жүргіміз келеді, одан кейін де қоғамды тәрбиелеп отырған, жастарды тәрбиелеп отырған, олардың ізбасарлары бар ғой, яғни, алдыңғы арба қайда жүрсе соңғы арба соның ізімен жүретіні белгілі.
Тұлға – ол нақты өзінің бір мақсаты бар және сол мақсатқа жету жолында өмірде өзінің орнын табуға деген жауапкершілікті ала алатын адам. Мақсат қойып алып сырттан жәрдем күтіп отырмайды, тек өзі үшін ғана пайда жасамайды, яғни «тұлға» дегеніміз қоғам үшін пайдалы құндылық бере алатын адам.
Бүгінгі біздің қоғамның кешіп жатқан бағыттарының экономика, саясат, әлеуметтік, мәдениет, ғылыми салаларында сондай тұлғалар жетерлік. Олардың әрқайсысын атап айтатын болсақ бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сөз жоқ, келешекте де талай тұлғаларды көріп еститін боламыз, егер әр отбасындағы ата-ана, әр білім ошағындағы ұстаздар оқушыға сол тұлғаларды үлгі етіп айтып отырса және философиялық, психологиялық тұрғыдан «Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім? Туғандарыма, ауылдастарыма, Отаныма, тіпті, жалпы адамзатқа қандай пайда, немесе құндылық жасай аламын?» деген сұрақтарды өздеріне жиі қойғызып, ізденуге талпындырса тұлғаны қалыптастыру мақсатының шешілуі бір қадам алдыға жылжитын болар еді.
Бүгінгі күнде біздің Қаражал-Жәйрем аймағында тұлғалық болмысы биік азаматтарды атап өтетін болсам, олар – Омар Мешітбай, Садықов Әйкен, Ілиясов Төлеухан, Сағындықов Есенбай, Сатанов Рақымжан, Жетімек Жарқынбай, Халықов Дәулет, Шамбулов Марлан, Жансағымов Карл, Мұздыбаев Рымғали, Охан Айтуған деп атар едім. Әрине, бұл менің пікірім, мүмкін оқырманның қосары да болар.

Мереке ЖҰМАНБАЕВА,
Қаражал қалалық
ардагерлер кеңесінің
төрағасы.