Ұлы Дала дүбіріне ұлытаулықтар да қосылады
« Д ү н и е ж ү з і л і к көшпенділер ойындарын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бəсеке ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын дəріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мəдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатынан.
Баршаға мəлім, осы күзде Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары шымылдығын түріп, 100-ден астам мемлекеттің спортшысы бағын сынап, бабын байқап көрмек. Бұл соңғы жылдары қанат жайып келе жатқан ұлттық спортты жаңа деңгейге шығаратыны даусыз. Міне, осы ауқымды шараға ұлытаулықтар да қатысады.
Қазір іс-шараға əзірлік қызу жүруде. Жер-жерлерде дүниежүзілік көшпенділер ойындарының брендін танымал ету бойынша республикалық медиа-жоспарға сəйкес ақпараттық науқанның бірінші кезеңі бастау алды. Осыған орай өткен аптаның соңында Ұлытау облысы əкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаевтың төрағалығымен кеңес өткізілді. Кеңесте ойындар аясында өтетін акцияны ұйымдастыру шараларының жоспары бекітілді. Жиында мəлім болғанындай, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы тұжырымдамасына сəйкес «Бірлік керуені» жəне «Этноауыл» жобалары іске асады. Өңір осы жобаларға белсенді түрде қатысуы қажет.
Орайы келгенде айта кетейік, көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысып, Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Ал, шара барысында ат спорты, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, жамбы ату, дəстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, арқан тарту сынды ойынның 20 түрінен жарыс жəне ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы 10 мың адамдық «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған.
«Қазанат» ипподромы аумағында «Көшпенділер əлемі» этноауылы құрылады. Бір күнде 30 мың келушіні қабылдайтын этноауылда Қазақстан мен əлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, шеберлік сабақтары, ақындар айтысы мен төл мəдениетімізді паш ететін қосымша іс-шаралар ұйымдастырылады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – «Ұлы дала дүбірі» деген ұранмен өтеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.