АЙМАҚ ӘЛЕУЕТІН ЕСЕЛЕУ БАҒЫТЫНДА

Жезқазғанда «Ұлытау облысының ғылыми-өнеркәсіптік әлеуетін дамыту: өңірдің перспективалары мен бәсекелестік артықшылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Ұлытау облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы және «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Айта кетейік, дөңгелек үстелге қатысушылар арасында облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, құрметті ақсақалдар, сондай-ақ өңір кәсіпорындарының, облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары болды.

Дөңгелек үстел барысында белгілі ғалымдар мен өңір кәсіпкерлері өз жобалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, аймақты сумен қамтамасыз етудің жай-күйі мен болашағы сияқты маңызды тақырып қозғалды.

Мәселен, ғалымдар Ертіс өзенінің суын тасымалдау жобасын ұсынды. «Қазақстанның үлесінде төрт жарым текше шақырым су бар. Біз оны өз қажеттілігіміз үшін, оның ішінде Ұлытау өңірін сумен қамтамасыз етуге құқығымыз бар», — деп атап өтті ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Ақылбек Күрішбаев.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар «Ұлытау өңірінде көтерме сауда-тарату орталықтарын құруды ғылыми сүйемелдеу», «Ұлытау өңірінде тұқым шаруашылығы бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Суармалы жерлерді қарқынды пайдалану», «Жылыжайларда маусымаралық кезеңде көкөністерді өсіру мәселелері бойынша ғылыми-практикалық көмек көрсету», «Жануарлардан алынатын өнімдерді терең және кешенді өңдеу» және т.б. өңір үшін маңызды бірқатар маңызды жобаларды қарастырды.
Отырыс нәтижесінде облыстың ғылыми әлеуетін арттырудың 8-қадамнан тұратын жоспары бекітілді.


Сонымен қатар, Күнсұлу Закарьяға «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» атағы ресми түрде берілді. Ұлантай Үсенов ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президентіне жоғары марапатты табыс етті.