Теңге – тәуелсіздік тірегі

Биыл – төл теңгемізге 30 жыл. Еліміз дербес мемлекет атанып, тəуелсіздік шуағын сезінген кезде дүниеге келген ұлттық мақтанышымыз – бұл! Сондықтан, ұлттық валюта егеменді мемлекетіміздің символдарының бірі. Яғни, бұл экономиканы басқарудың еліміздің экономикалық тəуелсіздігін қамтамасыз етудің басты құралы.

Бүгінгі Қазақстанның ұлттық валютасының тарихы – 1993 жылы 15 қарашадан бастау алады. Дəл осы күні Қазақстан Республикасының аумағында Ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді. Содан бері, Қазақстан Ұлттық валютасы – 30 жыл ішінде еліміздің қазіргі жəне болашағы үшін теңге айналымының өзіндік қалпын сақтап келеді. Осы ұлттық валютаны енгізумен нарықтық экономиканы құруға бағытталған құрылымдық өзгерістер жеделдетілді. Жалпы, Ұлттық валютаның құны ел экономикасының өсімімен белгіленіп отырады. Басқа валютаның қатынасына қарай құны белгіленеді. Өйткені, теңге мемлекеттің тірегі, экономикалық дербес кепілі. Теңге алғаш айналымға енгізілген сəттен бастап, өзінің тарихи қызметін толығымен орындауда.
Бүгінде ұлттық валюта арқылы нарықтық қарым-қатынастар мен банк жүйесі оңтайлы дамып, оның тиімділігі артты. Соның нəтижесінде мемлекеттік қаржы секторы қайта құрылып, Тəуелсіз Қазақ елінің əлемдік экономикаға ойдағыдай енуіне, халықаралық деңгейдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруына негіз қаланды. Əріден айтсақ, ұлттық валютаны əзірлеу өте қысқа мерзімде жасалды. Небəрі бір жыл ішінде жасалып, айналымға енгізілді. Бастапқыда 1,3,5,10,20,50,100 теңге мен тиын болып шықты. Уақыт өте келе өзгеріс енгізіліп, көркем ой тұрғысынан алғанда, безендіру эстетикалық қана емес, əрі қарай жаңаша үлгіде əзірленуі тиіс екендігі ескерілді. Сөйтіп, кейіннен теңге құру тұжырымдамасында банкноттар дайындаудың жалпы принциптеріне тарихи жəне мəдени мұраларды енгізу көзделді. Осы ретте, Қазақстанның мəдени мұрасын көрсететін тарихи тұлғалардың бейнесін банкноттардың бет жағына орналастыра бастады. Бұдан кейін жоғары номиналдағы банкноттарды енгізу қажеттілігі туындады. Осылайша, жаңа банкноттар пайда болды. Бірыңғай стилде 500, 1000 жəне 2000 теңгелік банкноттар нығыздалған жəне қайралған шеберліктің нəтижесі. Қазір Қазақстанның банкноттары əлемдегі ең үздік банкноттар қатарынан табылады. Оның айғағы, Қазақстанның банкноттары халықаралық көрмелер байқауларында үнемі жоғары бағаланып келеді. Осындай дəрежеге жеткеніміз – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Себебі, теңге тəуелсіздігіміздің символы! Ендеше, теңгеміз тұғырдан түспесін деп тіледік!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.