20 миллионыншы қазақстандық жиырмасыншы аймақта дүниеге келді

«Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткені жайындағы ақжолтай хабар баршамыздың төбемізді көкке жеткізді. Ал жиырма миллионыншы тұрғынның біздің өңірде, яғни Ұлытау облысында өмірге келуі біз үшін зор мақтаныш». Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының «Фейсбук» парақшасындағы құттықтауынан

Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылдың 14-қарашасы күні 5 бала дүниеге келді. Солардың бесіншісі еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны болды. Ол Ұлытау облысының тұрғыны Сейтжанның отбасында өмірге келген нәрестеміз – Томирис.

Осынау жүрекжарды қуанышқа орай, облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов Жезқазған қаласындағы перзентханаға арнайы барып жас ана Әйгерім Молдашеваны құттықтады. Кішкентай Томиристің анасына мемлекет басшысының, Ұлытау облысының және Жезқазған қаласы әкімдерінің атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, айтулы оқиғаның құрметіне орай жас отбасыға «Отбасы банк» АҚ-нан 2 млн. теңге сомасында сертификат табысталды.

Қазіргі уақытта жас келіншектің жағдайы жақсы. Бүлдіршіннің салмағы 3 келі болса, бойы 49 см. Әйгерім Молдашеваның айтуынша, қыздың есімін атасы таңдаған.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.